Жаңалықтар

KEGOC акциялары инвесторлардың үмітін неге ақтамады?

KEGOC  акциялары
KEGOC акциялары неге инвесторлар үмітін ақтамады? Фото: kursiv.media

Air Astana IPO барысында нарықтан $300 млн тартуды жоспарлап отыр. Соның 120 млн доллары әуе компаниясының стратегиялық даму бағдарламасына жұмсалады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан Finmentor-ға берген сұхбатында айтты. Сонымен қатар ол KEGOC акциялары неге инвесторлар үмітін ақтамағанын түсіндірді.

«IPO барысында тартылатын қаржыдан 120 млн доллар стратегиялық дамуды қолдауға жұмсалады. Өйткені компания одан әрі өсе береді. Авиациялық парк жаңарады, қосалқы бөлшектер алынады. Оқу-тәжірибелік базасын нығайтады»,– деді Салтанат Сәтжан.

Компания акцияларын жария оналастыру барысында жеке инвесторларға қандай тәуекелі бары аса ашып айтылмайды. Десе де, Қазақстанда әуе отын өндірісінің тапшылығы жоғары тәуекелдің бірі ретінде аталады.

Әуе компаниясы сатып алатын жанармайдың 70 пайызы ішкі нарықтан келсе, қалған 30 пайызы шетелден импортталады. 2008 жылдан бері «Эйр Астана» авиакеросинді үш мұнай өңдеу зауытынан тікелей сатып алды. Алайда Қазақстанда авиакеросин өндірісі авиация саласының қажеттілігін өтемейді. Оған қоса Қазақстан шығаратын отынды әлемде танымал авиакеросин маркасымен (Jet A-1) араластырып, бірге сақтауға болмайды.

2028 жылға қарай «Эйр Астанаға» тиесілі ұшақ қатарын 80-ге жеткізу жоспарланған. Қазіргі кезде компания иелігінде 50 ұшақ бар.

Қаржыгер акцияға қалтаңдағы соңғы ақшаны емес, артық қаржыны инвестициялау керегін айтады.

«Кез келген инвестициялық шешім жан-жақты сараланып барып қабылдануы керек»,– деді ол.

KEGOC акциялары неге арзандады?

Сұхбат барысында Салтанат Сәтжан былтырғы SPO-дан кейін KEGOC акцияларының бағасы неге құлдырап жатқанына тоқталды.

Қараша айының басында қор биржаларында «KEGOC» АҚ акцияларын екінші рет орналастырғаны белгілі. Сол кезде ұлттық компания бір акциясының құны 1482 теңге болды. Қазіргі кезде оның бағалы қағаздары KASE-де 1 370 теңгеден саудаланып жатыр.

«Менің түсінігімде «KEGOC» АҚ тұрақты дивиденд төлейтін бонд сынды. Компания акцияларының өсу әлеуеті бар болғандықтан, оны SPO-ға шығардық. Халық саны мен электр энергиясын тұтыну жыл сайын өсіп жатыр. 2030 жылға қарай бізге 14 ГВт жаңа қуат қажет. Акциялардың өсу әлеуеті бір жыл ішінде «ашылады», сондықтан оларға «отыра тұратын» уақыт керек»,– деді қор өкілі.

Салтанат Сәтжан KEGOC акцияларын сатып ала салып, пайда тапқысы келетін инвесторлардың ойы жүзеге аспайтынын айтады. Ол инвесторларға дивиденд төленетін мамыр және желтоқсан айларын күтуге кеңес береді. Спикер компанияның 2023 жылы таза пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 59%-ға, ал EBITDA маржасы 50%-ға өскенін қосып өтті.

«KEGOC басшылығы былтыр пайда жоғары болғандықтан, биыл төленетін дивиденд те көп болады деп отыр. Компанияның саясатына сәйкес таза пайданың кемінде 60%-ы инвесторларға дивиденд түрінде бөлінеді»,– деді ол.

Сәтжан компания акциялары неге арзандағанына тоқталып өтті.

«Компания акцияларының бағасы неге төмендеді? Өткен жыл ерекше болды: базалық мөлшерлеме жоғары, оған қоса нарыққа жылдық 20% кіріс төлейтін облигациялар шығарылды. Баламалы құралдардың көп болғаны сонша мұндай бағасы тұрақты қағаз инвесторды қызықтырмауы мүмкін. Портфолио теңгерімді болуы керек, сондықтан сіздің қоржыныңызда неге осындай тұрақты бағалы қағаз болмасқа? Бұл жақсы қаржы құралы деп ойлаймын», – дейді Салтанат Сәтжан.

2 ақпанда Fitch Ratings агенттігі «KEGOC» АҚ-ның ұзақ мерзімді рейтингін «ВВВ-»-ден «ВВВ»-ға дейін «тұрақты» болжаммен көтерді. Агенттік 2023–2027 жылдардағы дивиденд төлемдерді таза пайданың 87%-ы деңгейінде, яғни жылына шамамен 41 млрд теңгені құрайды деп есептейді.

2023 жылдың бірінші бөлігінде компания 20,2 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі. Бұл – таза пайданың 87%-ы. Ол бұл қаражатты SPO-дан кейін көп ұзамай төлеген. KEGOC SPO-сынан түскен 22,7 млрд теңгені инвестициялық жобаларға жұмсайды.

Қазір компанияның 85% акциясы «Самұрық-Қазына» қорының иелігінде. 6,87%-ы БЖЗҚ-ға тиесілі, ал 8%-ға жуығы еркін айналымда жүр.