Жаңалықтар

«Amanat» партиясы премьер-министр ретінде Антикордың бұрынғы басшысын ұсынды

«Amanat» партиясы премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды / akorda.kz

Мәжілістегі басым фракция ретінде «Amanat» партиясы президентке жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Мәжілісінің және «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-Министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды», –делінген Ақорда хабарламасында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, президент ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың фракцияларымен талқылайды.

Олжас Бектенов қазіргі таңда президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ол бұл қызметке 2023 жылы 3 сәуірде тағайындалған. Оған дейін ол 2022 жылдың ақпанынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы болған.

Бектенов қызметін Алматы қаласы Әділет басқармасында бастап, Премьер-министр кеңсесінде, Президент әкімшілігінде, Әділет министрлігінде, Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдігінде қызмет еткен. 

5 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдап, үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеген.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын», – делінген хабарламада.

Әлихан Смайылов басқарған үкіметтің соңғы құрамы 2023 жылы 4 сәуірде бекітілген. Смайылов басқарған үкіметтің жұмысына қатысты сарапшылар пікірін білген едік.

Сарапшылар пікірі 

«Үкіметтің бүгінгі отставкасы алдын ала жоспарланған дүние емес. Бұл отставкаға осыған дейін қалыптасқан саяси жағдай тікелей әсер етті деп ойлаймын. Жалпы, отставкаға кеткен үкімет экономика саласындағы міндетін шамасы келгенше орындады. Инфляцияны төмендетті, экономикалық өсімге қол жеткізді. Дегенмен қоғамға жақын болмады. Ашықтығы байқалмады. Саяси жауапкершілікті мойнына ала алмады. Президенттің сенім үдесінен шықпады деуге де болады. Өзі атқаруға тиісті жұмысты Мемлекет басшысына жүктеген кездері де есте қалды», – деп жуап берді алғашқы сауалға Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым.

Оның айтуынша, келесі үкімет осыған дейінгі үкіметтің қателігін қайталамауға тиіс.

«Үкіметтің жұмысы ашықтық принципіне негізделуі керек. Әлихан Смайыловтың үкіметі баспасөзге де, халыққа да ашық болған жоқ. Депутаттық сауалдарға да сырғытпа жауап беріп жүрді. Келесі үкіметке әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу міндеті жүктелетіні айдан анық», – деді депутат.

Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, Әлихан Смайылов басқарған министрлер кабинеті дағдарыс кезіндегі өтпелі үкімет ретінде есте қалды.

«Экс-премьер министр атқарған қызметіне қаңтар оқиғасынан кейін келді. Ол Қазақстан үкіметін Украинада соғыс жүріп жатқан кезде басқарды.
Смайлов кезінде үкіметтің құрамы жаңарды, өзгерді. Үкімет 2022 жылды күреспен өткізді. Құрылымдық реформа жүргізудің орнына, отставкаға кеткен үкімет оң мағынасындағы экономикалық популизммен айналысты. Түсінікті тілмен айтқанда, халықтың жағдайын жақсарту үшін қомақты қаражат шығындады. Алайда бұл нақты нәтиже бермеді. Салдарынан халық үкіметке «ыңғайсыз сұрақ» қойып, орындалуы қиын талап қоя бастады», – деді экономист.

Қоғам қайраткері, саясаттанушы Денис Кривошеев кесімді пікір білдірді.

«Әлихан Смайлов басқарған Үкімет ешқандай ісімен есте қалған жоқ. Жауапкершіліктен жалтарумен, экономика, көлік, энергетика, мұнай салаларындағы біліксіздігімен, сыртқы саудадағы түсініксіз әрекетімен ғана ерекшеленді», – деді ол.

Саясаттанушы Досым Сатпаев үкімет отставкаға кеткен сайын журналистер: «келесі премьер кім болады?», – деп сұрайтынын алға тартып:

«Маған осы сұрақ 90-шы жылдардан бастап қойылып келеді. Білесіз бе, бізде үкімет басшысы лауазымына қандай кандидатураның тағайындалатыны маңызды емес, өйткені 2000-шы жылдардан бері бұл орынға «компромисті фигура» келеді. Оның іскерлігіне ешкім назар аудармайды. Әлихан Смайлов сондай тұлға болды. Ол өзін «кризис менеджер» ретінде көрсете алмады. Қаңтар оқиғасынан кейін ғана сәл бедел жинағандай болды. Қазіргідей геосаяси жағдайда бізге мұндай премьер жарамайды», – деді Сәтпаев.

Естеріңізге салайық, Әлихан Смайылов басқарған үкіметтің соңғы құрамы 2023 жылы 4 сәуірде бекітілді. Бұл үкіметтің мақталғанынан, датталғаны көп болды. Айта кету керек, Қазақстанның бұған дейінгі үкіметтері де сыннан көз ашпаған болатын.

Біз экс-премьер-министр «кризис менеджер» болды, бола алмады деп баға беруден аулақпыз. Ал министрлер кабинетін 2 жылдан астам уақыт басқарған қызметіне шолу жасасақ, төмендегіні тізбектей аламыз.

Әлихан Смайылов Қаржы министрі лауазымынан премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалғаннан кейін 3 жыл еңбек етті. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін Асқар Мамин жетекшілік еткен министрлер кабинеті отставкаға кетті. Осының ізінше, 2022 жылғы жылғы 11 қаңтарда Әлихан Смайылов Үкімет басшысының орынтағына жайғасты. Ол премьер-министр лауазымында сұйытылған газ бағасына жарты жыл мемлекеттік реттеу енгізді. Екібастұздағы, Ридердегі жылу электр станцияларының проблемаларымен бетпе-бет келді. «Арселор Миттал» компаниясының шахталарындағы апаттың алдын ала алмады. Президент араласқаннан кейін ғана АМТ-ның мемлекет меншігіне өтуіне қол жеткізді. Қайғылы жағдаймен аяқталған Абай облысындағы алапат өрт те Смайыловтың тұсында болды.