Астанада құрылысы 11 жылға созылған тұрғын үйдің кілті табысталды

Жарияланды
жк
Астанада құрылысы 11 жылға созылған тұрғын үйдің кілті табысталды / Астана әкімдігі

Астанада құрылысы 11 жылға созылған тағы бір тұрғын үй нысаны аяқталып, үлескерлерге пәтер кілті табысталды.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, «Future home» көппәтерлі тұрғын кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Нысанның өзі 2017 жылы проблемалы деп танылып, 200-ге жуық отбасы үлескер деп танылған. 

«Нысанды ЕҚК-ге өткізу кезінде 4 және 7-қабаттары ғана салынған. Бұл үйді аяқтау үшін көптеген жүйелі жұмыс, оның ішінде инженерлік желілер бойынша да жұмыстар жүргізілді. Бүгін төрт блоктың тұрғындарына пәтер кілті табысталды. Ал бесінші блоктың үлескерлері жақын арада баспаналы болады»,– деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Айта кетейік, елордада осыған дейін мемлекет қолдауының арқасында құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталған. Осылайша 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының проблемасы шешілген.

«Биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалады. Оларды осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтаймыз. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында»,– деді Қасымбек.

2023 жылдың басындағы мәліметтер бойынша қала аумағында рұқсат құжаттары жоқ 90 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның ішінде 44 компания құрылысқа қажетті барлық рұқсат құжаттарын алды.

Бүгінгі таңда 90 нысанның 44-і құрылыс салуға қажетті барлық рұқсат құжатын алды. Олардың қатарында Nagoya ЖШС, Tuman Group компаниялар тобы, GALAMAT компаниялар тобы, G-Park құрылыс компаниясы, Granite ЖШС бар.

Айта кету керек, 2023 жылы Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қаланың Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға және бұзуға 63 талап арыз жолдаған, оның ішінде:

  • 13 талап арыз сотта қаралуда;
  • 50 талап қою талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарылды;
  • соттардың 8 шешімі заңды күшіне енген жоқ;
  • 42 сот шешімі Астана қаласының Әділет департаментінде орындауда.

Көппәтерлі тұрғын үй рұқсат құжатсыз салынып жатқаны анықталса, ол өз бетінше бой көтерген құрылыс деп танылып бұзылады.

Сондай-ақ қалада «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау бойынша бірқатар түйткілді мәселе бар. Үлескерден ақша тартуға құқығы жоқ құрылыс компанияларының «қара тізімі» ресми сайттарда жарияланып тұрады. 

Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын мынадай жағдайларда ғана қабылдай алады:

  • Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
  • Екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
  • Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы салынғаннан кейін, үлескерлердің ақшасын тарту.
Сондай-ақ оқыңыз