Қазақстан Германияға айына 100 мың тонна мұнай тасымалдау бойынша келісімшартты жарты жылға ұзартты. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Rosneft Deutschland Басқарма төрағасы Йоханнес Бреммермен кездесті.
«Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германия бағытына қарай 993 мың тонна қазақстандық мұнай («Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» ресурсынан) тасымалданғанын атап өтті. Бұл келісімшарт жарты жылға (2024 жылғы қаңтар-маусым) ұзартылды, осы мерзім ішінде айына 100 мың тонна мұнай тасымалданады», – деп хабарлады компания.
Йоханнес Бреммер қазақстандық тарапқа көрсеткін қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Біз Rosneft Deutschland компаниясымен қалыптасқан қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. «ҚазМұнайГаз» атынан Қазақстан тарапының Германияға мұнай тасымалдау ісін жалғастыруға және көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізгім келеді. Бірлескен жұмысымыз екі ел экономикасының игілігі үшін өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді болатынына сенімдімін», — деді Мағзұм Мырзағалиев.
Еліміз өзінің мұнай экспорттау жолдарын әртараптандыру аясында «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізе бастады.
«ҚазТрансОйл» компаниясы 2023 жылға Ресейдің «Транснефть» компаниясынан Германияға 1,2 миллион тонна шикізат тасымалдауға квота алған болатын. «ҚазТрансОйл» 2023 жылы осы көлемнен Германияға 993 мың тонна мұнай жеткізген.
Бірінші партия 2023 жылдың ақпан айында жөнелтілді.
2023 жылдың тамызында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» 2024 жылы «Дружба» мұнай құбыры арқылы 1,2 миллион тонна мұнай тасымалдауды жоспарлады.
Өткен жылдың қазан айының соңында Қазақстанның Энергетика министрі Қазақстан «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай экспортын жылына 1,2 миллион тоннадан 2 миллион тоннаға дейін ұлғайту жоспарланғанын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, «ҚазМұнайГаз» компаниясының өткен жылғы табысы 8,3 трлн теңгеден асты деп хабарладық.
ҚазМұнайГаз» АҚ 2023 жылғы қызметін қорытындылап, арнайы жиын өткізді. Іс-шара барысында ҚМГ-ның өткен жылғы өндірістік және қаржылық нәтижелері қаралды.
2023 жылдың қорытындысы бойынша алдын ала мәліметтерге сүйенсек, 23,5 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді.
Мұнай тасымалдау көлемі 80,3 млн тоннаны құрады, МӨЗ-де 18,5 млн тонна мұнай өңделді. Компанияның өткен жылғы табысы 8,3 триллион теңгеден асты.
«Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарын қалпына келтіру бойынша, озық технологиялар мен құрал-жабдықтарды қолдануға басымдық беретін жоба қолға алынды. «Рожковское», «Шығыс Өріктау» және «Оңтүстік Ақсай» газ кен орындарында өндіріс басталды», – деп хабарлады компания басшылығы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Президент ҚМГ басшысына мұнай экспортының бағыттарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді міндеттеді.
Бұған дейін ҚМГ «Жеңіс» мұнай-газ жобасында көмірсутек қоры анықталмағанын хабарлаған.