Жаңалықтар

Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды

Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды/Фото:
Dauletten.kz телеграм арнасы

Мемлекет басшысының Жарлығымен Шыңғыс Сайранұлы Әрінов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды.

Шыңғыс Сайранұлы Әрінов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында «Құқықтану», Азаматтық авиация академиясында «Тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» бойынша білім алған.

2006-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдарда қызмет атқарды.

2022 жылы ҚР Президентінің Өкімімен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — Президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.

ІІ, ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалімен және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 25 жыл». Сонымен қатар «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ ҚР Президентінің атынан алғыс хаттармен марапатталған.

Бұған дейін аталған қызметті Сырым Шәріпханов атқарды. Ол министрлікке 2023 жылдың 10 маусымында ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалған еді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова ҚР Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды деп хабарладық.

Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингін басқарған Нұрлан Байбазаров Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.

Айта кетейік, Қаржы министрі болып Мәди Такиев тағайындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысына қатысып, депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Мәжілісте 69 депутат Президенттің ұсынысымен келісіп, 7 депутат қалыс қалды.

Алайда президент ұсынған кандидатураны таңдау кезінде Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы шешіммен келісіп, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды.

Осыған дейін Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған еді.

Олжас Бектенов 2023 жылданбастап, осы уақытқа дейін Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келген.