Аса ірі мөлшердегі контрабанда: ҚМА Еуропа елдеріне заңсыз балық жеткізіп келген компанияны тексеріп жатыр

Жарияланды
балық
Жалған құжаттарды пайдаланып, балық контрабандасымен айналысқан / Фото: shutterstock

ҚМА Еуропа елдеріне заңсыз балық жеткізіп келген компанияны тексеріп жатыр . Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Балық өнімінің аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабандасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті жүргізіп жатыр»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Компания 2022 жылдың шілде айынан 2023 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта Еуроодақ елдеріне 1 135 тоннадан аса көксерке сүбесін экспорттаған. Бұл факті Агенттік жүргізген тергеу барысында анықталды.

ЖШС басшысы өнімді шетелге экспорттау барысында жалған құжаттар пайдаланған. Ол құжатта балықтарды «Қырғыз Республикасынан ауланды» деп көрсеткен. Осы мақсатта елімізге сырттан кіргізілгенін растайтын жалған ветеринарлық сертефикат қолданған.

Алайда, балық Алматы облысының су қоймаларынан рұқсатсыз ауланып келген екен. Тергеу барысында экспорттауға дайын 125 тонна көлемдегі балық өнімін қоймаға түскені анықталды.

Осы орайда Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық контрабанда үшін заңмен жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

Еске сала кетсек, 2023 жылы ҚМА Қырғызстаннан БҚО-ға құны 1 млрд теңге болатын темекі өнімдерінің заңсыз тасымалданғанын анықтады. Тергеу барысында олардан жалпы сомасы 967,5 млн теңгеден асатын 1,6 млн қорап темекі өнімдерінің ірі партиясы алынды. Жасанды есепке алу-бақылау таңбалары бар алкоголь өнімдері тәркіленген.

Темекі мен арақты заңсыз сатумен айналысқандарың үшеуі бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Тағы бір адамға 1000 АЕК (3,4 млн теңге) көлемінде айыппұл салынған.

Ал 2023 жылы тамызда Қазақ-қырғыз шекарасынан 2 млрд теңгеге жуық сомаға 299 контрабанда фактісі анықталды. Атап айтқанда шекара қызметі есірткі заттарды тасымалдаудың 35 фактісін, 33 қару мен оқ-дәрілер, 20 жалған құжат пайдалану, 36 қос азаматтық, 2 млрд теңгеге жуық сомаға 299 контрабанда фактісі, жалған құжаттарды пайдаланып көлік құралдарын әкелу және әкету бойынша 27 фактіні анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз