Ақтөбе әуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстер шегеріліп тоқтатылды

Жарияланды (жаңартылды )
Ақтөбеде ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстер тоқтатылды/Фото:shutterstocks

Ақтөбе әуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір рейстер кейінге шегеріліп, кейбір рейстер тоқтатылды.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір рейстер тоқтатылып, кейбір рейстердің уақыты кейінге шегерілді», – деп хабарлады Ақтөбе әуежайының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе әуежайының әкімшілігі жолаушыларға ыңғайлы болу үшін сенім телефонын іске қосты. Барлық хабарлама жедел талданып, байланыс орталығының қызметкерлері жолаушыларға рейстің кешігуіне қатысты мәлімет береді.

«Ақтөбе әуежайы қосымша телефон нөмірлерін қосты. Біз рейстердің кешігуіне байланысты сенім телефонын іске қостық, өйткені өңірде ауа райы қолайсыз», – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Хабарламаға сәйкес, Ақтөбе әуежайы 2024 жылғы 8 ақпанда таңғы сағат 06:00-ге дейін жабық болады.

Толық ақпаратты әуежайдың анықтамалық бөлімінен немесе әуекомпанияларының call-орталықтарынан білуге болады: +7 7132 73-00-73, +7 7132 73-01-09.

Белгілі болғандай бүгін Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе әуежайында 10 ұшып-қону рейсі жоспарланған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты
келесі рейстер тоқтатылды:

Qazaq Air IQ399/395 Астана – Ақтөбе – Атырау;
SCAT DV727/728 Астана – Ақтөбе – Астана;
Qazaq Air IQ396/400 Атырау – Ақтөбе – Астана.

Келесі рейстер кейінге қалдырылды:

FlyArystan КС7191/7192 Алматы – Ақтөбе – Алматы;
SCAT DV11/712 Алматы – Ақтөбе – Алматы;
FlyArystan КС7391/7392 Астана – Ақтөбе – Астана;
SCAT DV721/722 Астана – Ақтөбе – Астана;
FlyArystan КС7778/7777 Ақтау – Ақтөбе – Ақтау.

Осыдан бір сағат бұрынғы ақпаратқа сәйкес, Ақтөбе облысындағы қарлы боранға байланысты республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың 13 учаскесі жабылды. Облыста желдің екпіні кей жерлерде секундына 30 метрге жетті.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, соңғы тәулікте қар басқан жолдардан 140 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қала маңындағы елді мекендерге қоғамдық кқліктің қатынауы тоқтатылды. Ақтөбе қаласының кейбір жерлері электр қуатынсыз қалды. Дауыл көпқабатты үйлердің біріндегі шатырдың бір бөлігін жұлып кетті.

«Департаменттің күші мен құралы жұмылдырылып жатыр. Қызметкерлер кешеден бері жолда жүр. Жолда қалған адамдарды құтқару, іздестіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мұғалжар ауданындағы іздеу жұмысы аяқталды. Далада қалған ер адам табылды. Ол аман, денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Тарас Коваленко.

Еске сала кетсек, бүгін «ҚазАвтоЖол» ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге үндеу жасады деп жаздық.

7 ақпаннан бастап 9 ақпанға дейін еліміздің бірқатар облыстарында ауа райы бұзылады.Бұл туралы «ҚазАвтоЖол » баспасөз қызметі хабарлады.

«Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Абай, Солтүтсік Қазақстан, Түркістан, Қарағанды мен Ұлытау облыстарында жел екпіні секундына 30 метрге жетеді», – делінген хабарламада.

« ҚазАвтоЖол» ақпаратына сәйкес, желдің күшеюі, қар аралас жаңбыр салдарынан көктайғақ болады. Сондай-ақ таулы аймақтардағы қалың тұманнан көру қашықтығы төмендейді.

Сондай-ақ оқыңыз