Ресейлік «Интер РАО» Қазақстандағы ЖЭО құрылысына БЖЗҚ қаржысын қолданбайды – Вице-премьер

Жарияланды
Ресейлік «Интер РАО» Қазақстандағы ЖЭО құрылысына БЖЗҚ қаржысын қолданбайды – Вице-премьер / Асқар Ахметуллин және shutterstock

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр ресейлік «Интер РАО» компаниясы Қазақстанда 3 ЖЭО құрылысына БЖЗҚ қаржысын қолданбайтынын айтты.

Вице-премьердің айтуынша, «Интер РАО» компаниясымен қоса, Семей, Көкшетау мен Өскемендегі ЖЭО-ны салуға «Самұрық-Қазына» қорының инвестициясы тартылады.

«Бұл жобаларға инвесторлардың қаржысы құйылады. Осындай келісімге қол қойылған. Жобаға «Самұрық-Қазына» мен ресейлік «ИнтерРАО» компаниясы қатысады. Ресей Федерациясының көмірден газға көшіру мүмкіндігі технологиясымен салынады. Көкшетауға газ келген кезде көмірден газға көшіреміз»,–деді Скляр.

Оның айтуынша, жобаға зейнетақы қорының қаржысы жұмсалмайды. Шетелдік инвесторлардың қаржысы тариф есебінен қайтарылады.

«Бірінші Көкшетауда, одан кейін Семей мен Өскеменде салынады. 3 жобаға шамамен 350 млрд теңге жұмсалады. Бәйтеректен несие берілмейді»,– деді Скляр.

Ресейлік «Интер РАО» холдингінің құрамына кіретін «Интер РАО – Экспорт» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында ЖЭО салатын болды. Жаңа көмір энергоблоктары бой көтереді. Ал Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым ведомствоаралық келісімді дайындау барысында анықталады. 

Ресейлік компания бұл жобаларға ЕРС-мердігер ретінде қатысып, жобалау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және құрылысты басқарумен айналысады.

9 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапармен келді. Осы сапар барысында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен РФ Энергетика министрі Николай Шульгинов тиісті меморандумға қол қойды. Құжат үш ЖЭО-да жаңа энергоблок салудан бөлек Қазақстан Республикасының аумағында генерациялаушы қуаттарды жаңғырту және салуға бағытталған басқа да перспективалық жобаларды әзірлеуді қамтиды. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр меморандумға қол қойғаннан кейін журналистерге тиісті құрылымдар Көкшетауда 2024 жылы ЖЭО-ның құрылысын бастайтынын түсіндірді. Ол қазақстандық жылу электр станцияларының бәрінде осындай қондырғы бар екенін атап өтті.

Энергетика министрлігі Семей, Көкшетау және Өскеменде үш ЖЭО салу туралы тиісті меморандумға қол қойды. Көкшетау ЖЭО-да техникалық-экономикалық негіздеме дайын, тиісті құрылымдар меморандумға қол қойылғаннан кейін, ЖСҚ әзірлеуге, келісімшарттарға кіріседі. Бұл келесі жылы жүзеге асырылады. Бұл үш қалада ЖЭО мүлдем жоқ. Семей мен Өскемен жылу электр орталықтарының техникалық-экономикалық негіздемесі әлі әзірленбеген», – деді Скляр.

Сәтқалиев Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысы шынымен де келесі жылы басталуы мүмкін екенін растады. Бұл ретте ресейлік тарап көмір стансаларын салуға ғана емес, сонымен қатар қаржыландыруға да дайын.

Қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО Көкшетауда 2027 жылы салынып бітетіні жайлы ақпарат тараған. Құрылыстың жалпы құны 239 миллиард теңгеден асады. Бған дейін Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салуға екі рет тендер жариялағанымен, бірде-бір инвестор өтінім бермеген.

Сондай-ақ оқыңыз