Президент Үкіметке жекешелендірілетін меншік тізілімін қайта қарауды тапсырды

Жарияланды
Президент Үкіметке жекешелендірілетін меншік тізілімін қайта қарауды тапсырды / коллаж kursiv.media

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жекешелендірілетін меншік тізілімін қайта қарауды тапсырды.

«Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады. Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған», – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі басым. Ол Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырды.

Президент мемлекеттің экономикалық үдерістерге тым араласуынан біртіндеп бас тартуға шақырды. Ол  отын-энергетика нарығындағы бағаны шектен тыс реттеу мұнай өндірісін төмендетіп, өнім тапшылығына әкелгенін атап өтті.

«Сонымен бірге ұялы байланыс нарығында олқылықтар көп. Қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Мемлекеттің үлесін біртіндеп азайтып, басы артық шектеу және реттеу шараларын алып тастау қажет. Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет»,– деді президент.

Боған қоса, Тоқаев Үкіметке алдағы екі жылда акцияларының едәуір бөлігі IPO-ға шығарылатын ірі нысандардың нақты тізімін жасауды тапсырды. «Самұрық-Қазына» қорының экономикалық құнын арттыру қажеттігін айтты. 

«Квазимемлекеттік секторда ауқымды реформа жасау қажет. Қай жерде мемлекеттің үлесі сақталуы керек, қай тұста бәсекені дамыту қажет деген мәселені біржола шешіп алған жөн. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компанияларда мемлекеттің үлесі басым. Сондықтан жұмысты солардан бастау керек. Қорды түбегейлі сауықтыру үшін жүйелі әрі тың шаралар қажет»,– деді Президент.

Бүгін Тоқаев жаңа премьер-министр Олжас Бектеновпен бірге Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. 

Ол бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатынын ескеріп, мемлекет басшысы ретінде әзірленіп жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтты.

Сондай-ақ Президент елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс екенін атап өтті.

«Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет екеніне назар аударды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында
ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны 2 есе арттыру қажет екенін мәлімдеді.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, 2 есе арттыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейлі банктерден қаражат тартуды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз