Тоқаев Ұлыбритания короліне хат жазып, тез сауығып кетуін тіледі

Жарияланды
телеграмма
Тоқаев Ұлыбритания короліне хат жазып, тез сауығып кетуін тіледі / Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания королі III Чарльзға хат жазып, оның дерттен тез сауығып кетуін тіледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі ІІІ Чарльздің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп жеделхат жолдады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Осыған дейін Букингем сарайы Ұлыбритания королі Чарльзға қатерлі ісік диагнозы қойылғанын хабарлағанын жазған едік. Ол мемлекеттік міндеттерін орындауды уақытша кейінге қалдырады. Бұл туралы дүйсенбідегі мәлімдемесінде жазылған.

Reuters ақпаратына сүйенсек 75 жастағы Чарльз өз еміне дайын. Мүмкіндігінше тезірек мемлекеттік міндеттерін орындауға оралуды қалайды.

Чарльз өткен айда үш түн ауруханада жатқан. Ол ұйқы безінің ұлғаюына қарсы ем қабылдаған. Ем кезінде алаңдатарлық мәселелер туындап, корольдің қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болған.

«Мәртебелі корольді тұрақты емдеу басталды. Ем алу кезінде дәрігерлер оған мемлекеттік міндеттерін кейінге қалдыруға кеңес берді», – делінген сарай хабарламасында.

Айта кетейік, король Чарльз (немесе III Карл) таққа анасы – Елизавета қайтыс болғаннан кейін ие болған. Елизавета 2022 жылдың 9 қыркүйегінде қайтыс болды.

Ол ұзақ уақыт бойы тақ мұрагері болған жан ретінде рекорд орнатты. Бұл мүмкіндікті 70 жылға жуық уақыт күтті. 74 жасында таққа отырған ең егде монарх еді. 63 жыл бойы Уэльс ханзадасы болды. Ал, ІІ Елизавета Ұлыбритания тарихында ең ұзақ тақта отырған патшайым еді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Королі ІІІ Карлға анасы II Елизавета Патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған.

Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Король ІІІ Карлдың, корольдік отбасы мен барлық британдықтың қайғысына ортақтасып көңіл айтты.

Ол елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета Патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.

«Оның даналыққа, мейірімге және жігерге толы басшылығы Біріккен Корольдіктің одан да тұрақты, алуан түрлі және өркендеген қоғам құру жолында қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Ол халықаралық қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетуде көшбасшы болды. Оның тектілігі, қадір-қасиеті мен орасан зор жетістігі әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре түсетініне, ал мол мұрасы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенімдімін», – деп жазылған Қазақстан Президентінің жеделхатында.

Сондай-ақ оқыңыз