Ресейлік онлайн сауда дүкені Wildberries Санкт-Петербордағы өрттен кейін сатушыларға жалпы сомасы 3 млрд рубль болатын өтемақы төледі. 13 қаңтардағы өртте тауарлары зардап шеккен сатушылар өтемақы алған.
«Wildberries сатушыларға үшінші өтемақы төледі. Қаражат сатушылар балансына түседі және 19 ақпанда шығарып алуға болады», – деп хабарлады компания.
Wildberries өтемақы төлейді
Коммерсант ақпаратына сүйенсек, алғашқы екі өтемақы сатушыларға 15 және 29 қаңтарда төленген. Компания төлемнің соңғы сомасы әлі де нақтыланатынын атап өтті.
Санкт-Петербордағы қойма өртенгеннен кейін Ресейдің тергеу комитеті РФ қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес өртке қарсы қауіпсіздік шаралары сақталмауы туралы қылмыстық іс қозғады.
Осыған дейін Ресейдің Санкт-Петербор қаласы Пушкин ауданындағы Wildberries компаниясы қоймасында болған өрт шығыны 10 млрд рубль болуы мүмкін екенін жазған едік.
Жалпы ресейлік сақтандыру одағы шығынды алдын ала есептеп, 10 млрд рубльден (51 млрд теңге) астам деп белгілеген. Өрт болған кезде қоймада 1000 астам адам болған. Дәл қазіргі уақытта 16 адамнан хабар жоқ.
Wildberries қоймасындағы өрт
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің үш себебі болуы мүмкін екендігін айтқан. Бірінші, белгісіз адамның өрт қоюы, екінші, электр желісін апаттық жұмысы, үшінші, отты абайсыз пайдалану.
Компания қоймасында электр желісі дұрыс жұмыс істемеген. Осыған дейін дабылды ескерту тетігі бірнеше рет өздігінен қосылып, жалған ақпарат берген. Сол себепті компания қызметкерлері оны өшіріп тастаған.
Ал компания дабыл қағылып және белгі берілгеннен кейін, қызметкерлердің қоймадан шығарылғанын айтқан.
Құрылыс секторы бойынша бақылаушы орган Wildberries компаниясы қойманы салуға рұқсат алып, пайдалануға рұқсат алмағанын айтқан. Өз кезегінде Wildberries қойманы салу және пайдалануға рұқсат бар екенін жазған.
Маркетплейс қоймасындағы өрт 13 қаңтар таңертең басталған. Қойманың аумағы 100 мың шаршы метр болса, өрттің тарау аймағы 70 мың шаршы метрге жеткен.
Қоймадағы барлық тауар өртеніп кеткен. Қоймада болған тауарлардың маркетплейстен алынып тасталғанын айтып, сатушылардың шығындарын өтеп, тапсырыс берушілердің ақшасы қайтарылатынын айтты.
Wildberries – 2004 жылы құрылған ресейлік маркетплейс. Оның иесі Татьяна Бакальчук 2021 жылы Ресейдегі ең бай әйел (13 млрд доллар) болған. Wildberries компаниясы Қазақстан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Армения, Израиль, Молдова, Түркия, Өзбекстан мен Әзірбайжан елдерінде жұмыс істейді. Компанияның Қазақстандағы жұмысы туралы сұхбат жариялаған едік.