Жаңа Салық кодексі қайта қарала ма – ұлттық экономика министрі жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
Жаңа Салық кодексі қайта қарала ма – ұлттық экономика министрі жауап берді / shutterstock және idfrk.kz

Жаңа ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жаңа Салық кодексі қайта қаралуы туралы пікір білдіріп, өзінің «Бәйтерек» холдингіндегі жұмысы туралы айтты.

«Бүгін Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін қайта қарауды тапсырды. Оның ішінде ҚҚС мәселесі де айтылды. Енді біз бизнес мен қоғам талқысына салып, кодексті жазатын боламыз. Салық кодексін қайта қараймыз», – деді Байбазаров. 

Оның айтуынша, тек қосымша құн салығына қатысты ғана емес. Бүкіл салық жүйесін толықтай қайта қараған кезде ғана қандай өзгеріс болатынын айтуға болады.

Бұдан бөлек, Байбазаров өзінің «Бәйтерек» холдингіндегі қызметіне көңілі толатынын айтты. 

«Бәйтеректе» активтер өсті, таза пайдасы 409 млрд теңгені құрады. Қордың тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр»,– деді жаңа министр.

Президент жаңа салық кодексі қайта қаралуы керек екенін айтты

Осыған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында дайындалып жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтқан.

Ол бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартқанын ескертті. Мемлекет басшысы ретінде әзірленіп жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтты.

Президент қазіргі таңда Салық кодексі дайындалып жатқанын атап өтті. Құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасап, бюджетке көлемді қаржы түсуін қамтамасыз етуі қажет екенін айтты. Алайда президент қазір дайындалып жатқан кодекс бизнес қауымдастығы арасында салық мөлшерін өсіруді көздейтін құжат ретінде талқыланып жатқанын атап өтті.

«Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін»,– деді президент.

2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап Қазақстанның Ұлттық экономика министрі қызметін  Әлібек Қуантыров атқарды. Ол 2023 жылдың сәуірінде аталған лауазымға қайта тағайындалды.

Жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқаны туралы «Курсив» бірнеше мәрте жазған еді. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуантыров құжат елдегі салық саясатына оң әсер ететінін айтқан еді.

Жаңа кодекске сәйкес, заңды тұлғалар толықтай цифрлы төлемге көшіріледі. Министр сонымен бірге жаңа Салық кодексі үш принципке негізделетінін атап өткен еді.

«Біріншіден – салық салу базасы кеңейтіледі, екіншіден – транспаренттілік, үшіншіден – халықаралық стандарттарға сай болу. Халықаралық стандарттарға сәйкес табысы жоғары салалардың салық жүктемелері артатын болады. Оның ішінде дәулеттілерге салынатын байлық салығы да бар. Сонымен бірге қосымша құн салығы да артады.Осы орайда салық жеңілдіктерін де талдап жатқанымызды айта кеткім келеді. Өкінішке қарай, бұл жеңілдіктердің көбісі тиімсіз болып шықты. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата да айтты. Жалпы біз Салық кодексін өзгерту арқылы төлеушілер үшін де, салық жинайтын орган үшін де салық төлеуді, жинауды жеңілдетуді көздейміз. Осыны ескере келе мұның ауқымды жұмыс екенін және бұл бағытта асығыстық танытқан дұрыс емес деп санаймын», – деген еді экс-министр.

Сондай-ақ оқыңыз