Жаңа үкіметтің алдына қандай міндет қойылуы мүмкін – сарапшылар пікірі

Жарияланды
Олжас Бектенов үкіметіне қандай міндет жүктеледі /shutterstock и akorda.kz

Саясаттанушылар мен депутаттар жаңа үкімет құрамы мен 6 ақпан күні тағайындалған премьер-министрдің жұмысына түрлі баға беруде.

Депутат Ермұрат Бапи Смайылов үкіметінде тұтас үкімет әлсіз болған айтты. Ол «бөліп, жаратын ешқайсы жоқ. Үкімет мүшелерінің барлығы жігерсіз еді. Себебі премьердің өзінде мінез болған жоқ», – деді.

Депутаттың сөзінше Олжас Бектенов басқаратын үкіметке қойылған басты міндет – шетелге заңсыз шығарылатын активтерді қайтару болмақ. Парламент кулуарында журналистер Ермұрат Бапиден: «Олжас Бектеновтің осыны істі атқара алатынына кепілдік бар ма?», – деп сұрады.

«Шетелге жылыстаған активтерді Қазақстанға қайтаруға қатысты заңға көз салсаңыз, ол жерде екі негізгі фигура бар. Оның бірі – Бас прокуратура, екіншісі – үкімет. Соңғысы комиссия тағайындайды, алғашқысы активті қайтару ісімен айналысады. Бұл жерде үкімет ең басты рөл атқарады. Өйткені ол ел экономикасына қаржы әкелуге мүдделі», – деді Ермұрат Бәпи.

Оның айтуынша, шетелдік инвестицияға мүдделі болудың да шегі бар. Себебі ол ақшаны үстеме пайызбен қайтару керек. «Осындай жағдайда қазынаға ақша қайдан келуі мүмкін? Тек қана ұрланған, шетке жылысталған қаражаттан ғана келеді. Қазірдің өзінде миллиондар ағып жатыр». Айтуынша, соны тоқтату керек.

Депутат жаңа үкімет басшысының үлкен экономиканы басқармаған, шаруашылық саласы бойынша министрлік деңгейінде жұмыс істемеген адам екенін атап өтті.

«Бірақ ол соңғы 10 жыл көлемінде экономиканың көлеңкелі жағымен айналысты. Сыртқа жылыстап жатқан қаражаттың мөлшерін, табиғатын білетін маман деп ойлаймын. Елге, президентке адал қызмет етсе, міндетін орындайды деп үміттенемін», – деді.

Ермұрат Бапидің сөзінше, Олжас Бектеновтің кандидатурасын Президенттің өзі таңдаған.

«Бұл – ерекше таңдау болды. Ешқандай саясаттанушы, ешқандай сарапшы бұған дейін Олжас Бектеновтің аты-жөнін атаған жоқ. Жорамалдар, болжамдар болды. Ішінде неше түрлі фигуранттардың есімі жүрді. Бірақ олардың арасында Бектенов кездеспеді», – деді депутат ол.

Саясаттанушы Дос Көшімнің жаңа премьерге қатысты пікірі Ермұрат Бапидің пікіріне келіңкірейді. Оның айтуынша Бектенов Тоқаевтың «өз адамы».

Саясаттанушы Дос Көшім кез келген Президенттің «өз адамы» болатынын айтты.

«Біріншіден, Олжас Бектенов «өзінің адамы». Оны біртіндеп өсіреді. Бірнеше сатыдан өткізеді. Жауапты қызмет береді. Ұмытпасам, соңғы уақытта ол 2 рет жауапты қызмет ауыстырды. Демек ол «өзінің адамы». Екіншіден, Олжас Бектенов бұрынғы «Ескі Қазақстанда» көзге көріне қоймаған, кәнігі шенеуніктердің қатарында емес. Мысалы өзіміз оны біле бермейміз. Соңғы 2-3 жылда ғана аты шыға бастады. Демек ол тағы да тырнақшаның ішінде «таза адам» сияқты. Үшіншіден, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік Қазақстан халқы белгілі бір дәрежеде үміт күтіп отырған мекеме. Соның төрағасы болған азамат адамдарға «жемқорлыққа жол бермейді» деген ой салады. Бұл да оның кандидатурасының тиімді екенін бір белгісі деп есептеймін», – деді Дос Көшім.

Дегенмен саясаттанушы жаңа үкіметбасының бұған дейін әділет саласында қызмет атқарғанын алға тартып, мұның өз кемшілігі бар екенін жасырмады. Айтуынша, министрлер кабинетінің басшысы болып барған адамның экономикалық бағытта үлкен тәжірибесі болуы керек. Ол саладағы міндетті, мақсатты жақсы білуге тиіс.

«Үкімет басшысы лауазымына тағайындалатын адамның негізгі бағыты әлеуметтік-экономикалық мәселе болуы керек. Меніңше, премьер-министрдің лауазымына сай келмейді. Бірақ тағы да қайталап айтайын, бізде кез келген адам премьер-министр бола алады. Себебі авторитарлық жүйеде тек қана президент, яғни бір адам ғана басқарады. Қалғандары орындайды. Орындаушы шопыр бола ма, заңгер бола ма, жоқ әлде дүкенші бола ма, бәрібір», – деді Дос Көшім.

6 ақпанда Amanat фракциясының ұсынуы, президенттің қолдауы және мәжіліс депутаттарының мақұлдауы нәтижесінде президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Олжас Бектенов премьер-министр болып тағайындалды. Оның кандидатурасын мәжілістің 69 депутаты қолдады.

5 ақпан күні Kursiv.media «Келесі премьер кім болады?» – деген сұрақ қойып, сарапшылардың болжамын жариялады. Саясаттанушылар Айдос Сарым, Денис Кривошеев, Досым Сатпаев және экономист Расул Рысмамбетов ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ оқыңыз