Ресурстар

Президент: Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ

Мемлекет басшысы су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже бермегенін айтты / aqorda.kz және shutterstock

Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Оның айтуынша, жалпы, агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасалуға тиіс. Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдалану қажет. Жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Бұл түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді.

«Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Былтыр Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан қатты зардап шекті. Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін. Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал, көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар», – деді президент.

Оның айтуынша, әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл. Құрғақшылық қаупі аса жоғары екенін айтты. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайту керек. Құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет.

«Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек. Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет», – деді президент.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында
ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны 2 есе арттыру қажет екенін мәлімдеді. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілер бар екенін атап өтті.

«Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, 2 есе арттыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейлі банктерден қаражат тартуды ұсынды.

Сәрсенбі 5-ақпан күні Тоқаев жаңа премьер-министр Олжас Бектеновпен бірге Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Ол бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатынын ескеріп, мемлекет басшысы ретінде әзірленіп жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтты.

Сондай-ақ Президент елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс екенін атап өтті.