Венгрия Қазақстандағы «Рожков» кен орнында өндірілетін газ конденсатын экспорттауға қызығушылық танытып отыр

Жарияланды
Венгрия Қазақстандағы «Рожков» кен орнында өндірілетін газ конденсатын экспорттауға қызығушылық танытып отыр.
Венгрия мен Қазақстан мұнай-газ химиясы саласында ынтымақтасуға ниетті / Архив kursiv.media

Венгрия Қазақстандағы «Рожков» кен орнында өндірілетін газ конденсатын экспорттауға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Будапештте қос тараптың кездесуі барысында белгілі болды.

Іс-шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешев пен Қазақстан Республикасының Венгриядағы Елшісі Жәнібек Абрашов бастаған делегация қатысты. Сонымен қатар Венгрия Сыртқы істер министрінің орынбасары Левенте Мадьярмен және венгриялық «MOL Group» компаниясы өкілдері келді.

Жиын барысында тараптар мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілері талқылады. Соның ішінде «Рожков» кен орнын игеру мәселесі бар. Сондай-ақ, шикі мұнай және газ конденсатын жеткізу, сондай-ақ газды терең өңдеу жолымен өнім өндіру мәселелері нақтыланды.

Венгрия тарапы мұнайды өз еліндегі мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу мақсатында қазақстандық шикі мұнайдың жеткізілуіне қызығушылық танытты. Сонымен бірге «Рожков» кен орнынан өндірілетін газ конденсатын экспорттауға ниетті.

«ҚМГ өз кезегінде «Рожков» кен орнынан өндірілетін газ шикізатын пайдалану туралы айтты. Бұған қоса мұнай-химия жобасын бірлесе атқарудың артықшылығы туралы хабарлады. Венгр тарапы қызығушылық танытқан келешегі зор жобаны іске асыруды бастау мақсатында бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді», – деп хабарлады «Қазмұнайгаз» баспасөз қызметі.

Айта кететіні, «Рожков» — Батыс Қазақстан облысындағы газ конденсаты өндірілетін ірі кен орны. Оны 2023 жылы 21 желтоқсанда «Орал Ойл энд Газ» ЖШС өнеркәсіптік пайдалануға берді. Компанияның 50% үлесі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-қа тиесілі.

«Орал Ойл энд Газ»  ЖШС үлескерлері – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%), Мажарстанның MOL Caspian Oil and Gas Plc. (27,5%) компаниясы және Қытайдың First International Oil корпорациясы (22,5%).

Кен орнында жылына шамамен 1 млрд текше метр газ өндіріледі. Бұған қоса 500 мың тоннадан астам конденсат алынады. Жыл сайын көлемі 150 мың тоннадан астам  сұйытылған газбен ішкі нарықты қамту көзделген.

MOL Group — Орталық және Шығыс Еуропаның жетекші интеграцияланған мұнай-газ корпорациясы. Оның штаб-пәтері Венгрияның Будапешт қаласында орналасқан. Компанияның 30-дан астам елде өкілдігі жұмыс істейді. Әрі әлем бойынша 25000 қызметкері бар. MOL корпорациясының барлау және көмірсутегін өндіру қызметі саласында 80 жылдық тәжірибесі бар.

Сондай-ақ оқыңыз