Президент әлеуметтік көмек туралы: қоғамда масылдық психологияға жол бердік

Жарияланды
соцпомощь
Қазақстанда 4,5 млн адам әлеуметтік көмек алады / Фото: akorda.kz; shutterstock

Елімізде әрбір бесінші адам әлеуметтік көмек алады. Олардың басым көпшілігі еңбекке жарамды азаматтар. Бұл жайлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Ол қоғамда масылдық психологияға жол берілгенін айтты.

Президент реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмек кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажеттігін, яғни бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде, көмекке мұқтаж адамға беру керегін ескертті.

«Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет», деді Мемлекет басшысы.

Сол себепті Президент азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қарауды тапсырды. Айтуынша, мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Сондықтан әлеуметтік көмекті кімге беруді адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықтау қажетін айтты. Азаматтарды әлеуметтік көмектен гөрі еңбекпен қамту маңыздылығына тоқталды.

«Азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты. Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – мемлекеттің басты міндеті екенін нақтылады.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы бұл жиында Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын да айтты. Президент Салық кодексінің инвесторларға қолайлы жағдай жасап, бюджетке көлемді қаржы түсуін қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Президент соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткенін, сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін ескертті. 

Ол сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы еліміздің салық жүйесінде жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылмайтынын, саланың толық дәрежеде цифрландырылмағанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз