Смайылов басқарған екі жылда Үкімет қарызы 54,8 млрд долларға дейін өскен

Жарияланды
Әлихан Смайылов
Әлихан Смайылов / Фото: Аскар Ахметуллин

Әлихан Смайылов үкіметке басшылық еткен тұста Үкімет шығындары мен қарыздары айтарлықтай өскен. Бұл жайлы @NRG_monitor телеграм арнасы жазды.

«Соңғы 2 жылда мемлекеттік шығындар мен мемлекеттік қарыздар айтарлықтай өсті. Егер 2022 жылдың қаңтарында (премьер болған кезде) мемлекеттік қарыз 43,3 млрд долларды құраса, 2024 жылдың қаңтарында ол 54,8 млрд долларға жеткен. Елеулі өсім мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының ұлғаюымен байланысты»,– делінген телеграмдағы жазбада.

Мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы да қарыздың артуына алып келген.

2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 триллион теңге рекордтық мемлекеттік несие алынған. Бірақ соған қарамастан, мемлекет бюджетіндегі тапшылық жабылмаған. Ал Ұлттық қордан аударылатын трансферттер 4 триллион теңгемен шектелген. Қордан бұдан былай кірістен көп қаражат алу мүмкін болмаған.

Сарапшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын сатудан түскен 1,3 трлн теңге қаражаттың мемлекеттік бюджетке қайта бағыттауына да осы жағдай яғни Ұлттық қордан бюджетке аударымдарды шектеу мен несиелік шектеулер себеп болуы мүмкін деп топшылайды.

Сонымен бірге Әлихан Смайылов мұнай-газ саласына қатысты кездесулерімен есте қалды. Ол Қашаған газ өңдеу зауытының әлеуетті инвесторларымен 2 жыл келіссөз жүргізіп, өндіріс көлемін 4 миллиард м3 дейін жеткізуге күш салған. Бірақ соңында Қашаған акционерлері өздерінің ескі ұстанымдарында қалып қойды. Олар көрсеткіштерді 2 млрд м3 көлемінен 2,5 млрд м3 дейін көтерді.

Еске сала кетсек, 5 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдап, Үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеді.

Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Ал Мәжілістің пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы бұл ұсынысты қабыл алған болса, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды. 

6 ақпан күні үкімет құрамы қайта жасақталды. 4 министрден өзгесі лауазымын сақтап қалды. ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов және Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз қызметтерінен айырылды.

Жаңа Қаржы министрі 45 жастағы Мәди Такиев болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы болып 52 жастағы сенатор Ақмарал Әлназарова тағайындалды.

Ал 40 жастағы Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі болды.

Бәйтерек холдингін басқарған Нұрлан Байбазаров Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз