Тоқаев БЖЗҚ активтерін экономикаға инвестициялау ісіне банктерді тартуды ұсынды

Жарияланды
Шығарушы редактор
ЕНПФ
БЖЗҚ / Аскар Ахметуллин

Қасым-Жомарт Тоқаев БЖЗҚ активтерін экономикаға құйғанда нарық талаптарын ескеру қажет екенін айтты. Президент бұл іске квазимемлекеттік құрылымдарды емес, екінші деңгейлі банктерді тартуды ұсынды. Оған қоса, Үкімет БЖЗҚ салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс.

«Экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керек. Бұл мәселеде салымшылар алдындағы жауапкершілік – өте жоғары. Қажет болса, Үкімет бірыңғай зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл жұмысқа квазимемлекеттік құрылымдар сияқты делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ. Тоқаев мұндай жағдай бұрын талай рет болғанын еске салды. Ол бұл іске тиісті сараптама жасай алатын және қажетті инфрақұрылымы бар екінші деңгейлі банктерді белсенді түрде тартуды ұсынды.

«Банктерді экономиканың нақты секторына қаржы құюға ынталандыру керек.
Үкімет пен Ұлттық банк өзара тығыз ынтымақтасып, бұл жұмысты бірлесе жүргізуге тиіс. Жалпы, Ұлттық банк инфляция үдерісі мен экономиканың өсімін бақылап отыруды көздейтін тиімді жалпымемлекеттік саясатты ұстануы керек», – деді Тоқаев.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова БЖЗҚ активтерін экономикаға инвестициялау мәселесі қатаң бақылауда болатынын мәлімдеді.

«Еліміздің әлеуметтік кодексінде мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретіні жазылған. Салымшылар жинағының табыстылығы мемлекет кепілдігінен де, инфляциядан да төмен болмауы шарт. Бірақ оны инвестиция ретінде салғанда, әрине, оның табысы инфляциядан жоғары болуы қажет»,– деді.

Жақында Ұлттық банк 173 млрд теңге БЖЗҚ қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алды. Холдинг облигацияларын ҰБ жылдық 13% кірістілік және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен алды.

Холдинг тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларын қаржыландыруға жұмсайды. Атап айтқанда, жолаушылар және жүк вагондарының ескірген паркі жаңартылмақ.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров БЖЗҚ-дан бөлінген қаржыны «инвестициялық салым» деп атады. 

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр зейнетақы қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алуын – әлемдік тәжірибе деп атап өтті. Бұл ретте ең маңыздысы – зейнетақы қаржысының табыс әкеле отырып, қайтатынына кепілдік берілуі.

Сондай-ақ оқыңыз