Жаңалықтар

Halyk Finance «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алуды ұсынады

Halyk Finance
Halyk Finance «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алуды ұсынады. Фото: kursiv.media

Halyk Finance сарапшылары «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы акцияларының мақсатты бағасын 17%-ға көтеріп отыр. Баға 20 201 теңгеден 22 822 теңгеге дейін өсті. Бұған дейін компания акцияларын «ұстай тұруға» кеңес берген мамандар енді бағалы қағазды «сатып алуды» ұсынады. Оған «Қазатотөнеркәсіптің» жақында жариялаған өндірістік есебіндегі көрсеткіштер себеп.

Компанияның уран өндіру көлемі аздап қысқарғанына қарамастан, уран бағасы кейінгі 16 жылдағы ең жоғары деңгейіне жеткендіктен, мамандар болашағы жақсы деп есептейді.

«Былтыр қыркүйекте уран бағасының қымбаттауына байланысты «Қазатомқөнеркәсіптің» баға белгіленімі мақсатты деңгей – 16 227 теңгеге жетіп, бір акция үшін 19 000 теңгеден жоғары қалыптасты. Металл бағасы 16 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті және одан әрі өсу ықтималдығы зор. Осы фактор инвесторлардың уран өндірушілері, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіптің» үлестік құралдарына қызығушылығын арттырды. Болжамдық кезеңде уран бағасын және есептік мөлшерлеменің (WACC) төмендеуін ескере отырып, «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ акцияларының мақсатты бағасын 20 201 теңгеден 22 822 теңгеге дейін көтердік. Компания акциялары бойынша ұсыныс «ұстап тұрудан» «сатып алуға» өзгертілді», –делінген брокер шолуында.

Алайда сарапшылар «Қазатомөнеркәсіп» былтыр уран бағасының күрт қымбаттауын өз пайдасына толық жарата алмады деп пайымдайды. Мысалы, төртінші тоқсанда компания бір фунт уранды 64,07 доллардан сатты, бұл ай соңындағы орташа спот-баға – 82,2 доллар төмен. Ал 2023 жыл бойына 1 фунт уранның сатылым бағасы орта есеппен 52,1 доллар болса, бұл ай соңындағы орташа спот-бағасы – 62,5 доллардан аз.

«Қазатомөнеркәсіп» мұндай сәйкессіздікті 2023 жылы ураннның кейбір ұзақ мерзімді келісім-шарттар бойынша алдын ала тіркелген бағада сатылуымен түсіндіреді. Келісім-шартта жазылған ең жоғары баға, нарықта қалыптасқан спот-бағадан әлдеқайда арзан болып қалған.

Оған қоса, былтыр уран оксиді жеткізу көлемі де біркелкі болмады. Әр тоқсандағы сату көлемі айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Оған қоса тоқсандық сату көлемі жыл бойына тұтынушылар кестесі мен сұранысына байланысты.

«Жалпы, компанияның болашақтағы жетістігі – уранды компания үшін ең қолайлы бағамен сату мүмкіндігіне тәуелді. Егер металдың орташа нарықтық бағасы бір фунт үшін $100 болса, компания ұсынған кестеге сай, «ҚазАтомӨнеркәсіп» өнімінің орташа сату бағасы 2024 жылы 1 фунт – $82, 2025 жылы 1 фунт – $81 және 2026 жылы бір 1 үшін $87 деңгейінде қалыптаспақ», – деп жазады мамандар.

«Қазатомөнеркәсіп» былтыр уранды 10 пайыз артық сатып, 16,3 мыңнан 18 мың тоннаға дейін жеткізген.

2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс және сату көлемі компания күткендей болған. Былтыр компания тобының да, ҚАӨ-дың да сатылым көлемі 2022 жылмен салыстырғанда жоғары. Оған клиенттердің қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде жылдық жеткізу көлемін ұлғайтуға қосымша сұраныстары, сондай-ақ 2023 жылы жаңа ұзақ мерзімді келісімшарттардың жасалуы ықпал еткен.

Компания биыл 21-22,5 мың тонна уран оксидін өндіреміз деген болжам жасап отыр. Ал сатылым көлемі 165 мың тоннаны құрауы ықтимал.

2023 жылы әлемдік нарықта уран бағасы қымбаттағанымен, компанияның 9 айдағы пайдасы 1,7%-ға азайған. Қаржы есебінде компанияның таза пайдасы 300, 974 млрд теңгені құрағаны жазылған.