2023 жылы Қарашығанақ кен орнында 143 млн мұнай барреліне тең өнім өндірілген

Жарияланды
Шығарушы редактор
Қарашығанақта
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» қанша өнім өндірді? Фото:ҚПО

2023 жылы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) 143 млн мұнай барреліне тең өнім өндірген. Оның ішінде тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және ішкі пайдалануға арналған тазартылған газ бар. КПО былтырғы өндірістік қызметінің нәтижесін жариялады.

Бүгінге дейін Қарашығанақ бойынша серіктестер кен орнын игеруге $31,3 млрд көлемінде инвестиция салған.

2023 жылы ҚПО-да газды кәдеге жарату деңгейі 99,95%-ды құраған. Бұл – әлемдік деңгейдегі көрсеткіш. Қазіргі кезде ҚПО-ның табиғатты қорғауға салған жалпы инвестиция көлемі шамамен $453 млн құрайды.

ҚПО бас директоры Джанкарло Рую жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, компания 2023 жылы жақсы өндірістік көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Ол Қарашығанақты кеңейту жобасының 1-кезеңін іске асыру барысына тоқталды.

«Кен орнын кеңейту жобасы шеңберінде бірқатар негізгі жұмыстарды ойдағыдай жүзеге асырдық. Оның ішінде 5-ші компрессор мен ілеспе объектілердің құрылысын сәтті аяқтадық. Бұл – ҚПО мен оның бизнес-серіктестерінің ірі жобаларды жүзеге асыруда тәжірибе жинап, жетілгендігінің тағы да бір айғағы. Былтыр атқарған жұмыстарымыздың арқасында 2024 жылдың соңына дейін тәмамдау жоспарланып отырған барлық объекті уақытында аяқталатынына сенім мол», – деді бас директор.

Қазір кәсіптік-техникалық лауазымдардың 98-інде жегілікті мамандар отырса, басқарушы лауазымдар бойынша 86%-ға жеткен. Ал тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алудағы ҚПО-ның жергілікті қамту көрсеткіші 63,24% немесе $756,1 млн құрайды.

«ҚПО-ның негізгі мақсаты — Қарашығанақ кен орнын табиғатқа қамқорлық пен экономикалық тиімділік қағидаттарын негізге алып, сондай-ақ жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуі үшін жағдай жасай отырып игеру», — деп атап өтті КПО бас директоры Джанкарло Рую.

 1998 жылдан бері компанияның $797 млн қаржысына 250-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылым объектілері салынған. Осы мақсатқа КПО жыл сайын 20 миллион АҚШ долларын бөледі. Оған қоса, ҚР Үкіметінің арнайы қаулылары шеңберінде де БҚО-да нақты әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған қосымша қаражат түсіп отырады.

Қарашығанақ кен орнының маңызы қандай?

1979 жылы ашылған Қарашығанақ кен орны – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Қарашығанақ бойынша өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБТК) Қазақстан Республикасы мен Халықаралық консорциум арасында 1997 жылы 18 қарашада жасалған. Өнімді игеру туралы келісім кен орнын 2038 жылға дейін пайдалануды көздейді.

Кен орны Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласынан солтүстік-батысқа қарай 29 шақырым жерде орналасқан. 

Shell мен Eni компаниялары – Қарашығанақ жобасының бірлескен операторлары. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» келесі компаниялардың үлесі бар: Eni S.p.A. – 29,25%, Shell Plc – 29,25%, Chevron – 18%, ЛУКОЙЛ – 13,5% және ҚазМұнайГаз – 10%. 

Былтыр Қара теңізде соққан дауыл қазақ мұнайы өндірісіне кері әсер етті.  29 қарашада Қарашығанақтағы бір күндік мұнай өндірісі 34% – 23,8 мың тоннаға дейін төмендеген. Одан бөлек 2023 жылы Қарашығанақтағы жөндеу жұмыстары да мұнай мен газ конденсатын өндіру көлеміне кері әсер етті.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтингтің» 23 гектар жерде өнеркәсіптік қалдықтарға арналған полигон салатыны белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыз