Алматыда лай көшкіні орнынан ер адамның денесі табылды

Жарияланды
Лай көшкіні салдарынан болған қиранды астынан 1 адамның денесі табылды / telegram.org/k/#@qr_tjm

Құтқарушылар Алматыда лай көшкіні орнынан 2007 жылы дүниеге келген бозбаланың денесін тапты. Ол ғимараттың қирауы салдарынан қайтыс болған. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«Алматы қаласы ТЖД және Республикалық жедел-құтқару жасағының күштерімен алдын ала ақпарат бойынша топырақтың батпақтануына байланысты техногендік сипаттағы жылжыманың түсуі салдарынан ғимараттың зақымдануы себебінен қаза тапқан алдын ала болжам бойынша 2007 жылғы жас жігіттің денесі табылды», – делінген хабарламада.

Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша ақпаратқа сәйкес, Алматыда оқиға орнында жедел штаб құрылған. Жеке тұрғын үйді балшық массасынан тазарту және адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде. 182 маман мен 32 техника жұмылдырылды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр. Туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетілген.

Айта кетейік, Алматы қаласы Медеу ауданы Тау-Самалы шағын ауданында сағат түнгі 2:20 шамасында лай көшкіні жүріп, оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік.

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары № 47 мектепке эвакуацияланды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетіліп, кейіннен тұрғындар өз еріктерімен туыстарының үйіне кеткен.

«Оқиға орнында «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды», – делінген хабарламада.

Оқиға орнында дәрігерлер бригадасымен ТЖД психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылар зардап шеккен азаматтарды іздестіруде. Алайда оқиға орнында үйлер жақын орналасқандықтан,  техниканы қолдану мүмкін емес екені хабарланған.

Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сүйенсек, суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жер үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Ақпаратқа сәйкес, екі үйде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Оқиға орнына қала әкімі Ерболат Досаев келді. Оның айтуынша, құтқару жұмыстары түнгі 3-тен бері жалғасып жатқанын айтты. 

«Негізгі мақсат – іздеу-құтқару жұмыстары. Үйде болған адамдарды іздеуге жұмылдырылған топтың жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету қажет», – деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ оқыңыз