Жаңалықтар

2023 жылы жүргізілген кедендік тексерулерден кейін бюджетке 38 млрд теңге өндірілді -МКК

Кедендік тексерулерден кейін бюджетке 38 млрд теңге өндірілді /kursiv.media

Мемлекеттік кірістер комитеті аудит департаментінің директоры Қадыр Исмағұлов 2023 жылғы салық және кеден аудитінің қорытындысын жариялады.

Қадыр Исмағұловтың мәлімдеуінше, 2023 жылы 4457 кедендік тексеру жүргізіліп, бюджетке 38 млрд теңге өндірілді.

«Біз шекарадағы кедендік ресімдеу кезіндегі тексеруді емес, тауарлар шығарылғаннан кейін жүргізілетін тексеру туралы айтып отырғанымды атап өткім келеді. Іс барысында декларацияларда анықталған сәйкессіздіктер бойынша мемлекеттік кірістер органдарының сұрау салу нәтижесі бойынша түзету енгізіліп, бюджетке қосымша 22 млрд теңге аударылды. Камералдық бақылау арқылы 1710 хабарлама жолданып, бюджетке 6 млрд теңге кіріс кірді. Көшпелі кедендік тексерудің нәтижесінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан мемлекет есебіне 22 млрд теңге өндірілді», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті аудит департаментінің директоры.

«2023 жылы барлығы 16 407 салықтық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде
кәсіпкерлердің басым бөлігі салықты адал төлейтіні белгілі болды», – деді Қадыр Исмағұлов журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.

Аудит департаменті директорының айтуынша, 2023 жылы салықтық тексеру нәтижесінде бюджетке 214 млрд теңге түсті.

«2023 жылғы камералдық бақылау қорытындысында 20 мыңнан астам хабарлама бойынша салық есептілігі түзетілді. 61 мың хабарлама бойынша заңға қайшы әрекеттің алды алынды. Қазынаға 276 млрд теңге қосымша салық аударылды», – деді Қадыр Исмағұлов.

Аудитор 2023 жылы әкімшілік рәсімдік процестік кодекс шеңберінде заңға қайшы 175 іс анықталып, жойылғанын жариялады.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке 10,1 млрд теңге төленді», – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.

7 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында дайындалып жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтты.

Ол бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатынын ескеріп, мемлекет басшысы ретінде әзірленіп жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын жеткізді.

Президент қазіргі таңда Салық кодексі дайындалып жатқанын атап өтіп, құжаттың инвесторларға қолайлы жағдай жасап, бюджетке көлемді қаржы түсуін қамтамасыз етуі қажет екендігі айтты. Алайда президент қазір дайындалып жатқан кодекс бизнес қауымдастығы арасында салық мөлшерін өсіруді көздейтін құжат ретінде талқыланып жатқанын атап өтті.

«Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін»,– деді президент.