Бас санитар қаулысы: қоғамдық орындарда бетперде кию ұсынылады

Жарияланды
маска
Қызылша мен коронавирусқа байланысты медициналық мекемелерде бетперде тағу міндеттеледі /Фото: shutterstock

Астана, Алматы Шымкент қалалары мен басқа да облыстардың тұрғындарына қоғамдық орындарда бетпердемен жүру ұсынылады. Ал медициналық мекемелерде бетперде тағу міндеттеледі. Бұл жайлы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың 2024 жылғы 8 ақпанындағы арнайы қаулысында айтылған.

Ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау бойынша профилактикалық іс-шараларды облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің басшылары жүзеге асыруы керек.

Профилактикалық шаралар халық арасында ауа тамшылары арқылы таралатын қызылша, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекцияларының таралуының алдын алу мақсатында жүргізілмек.

Қаулыға сәйкес, медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлері мен келушілер медициналық бетперде киюі керек. Сонымен бірге медициналық мекемелерге міндетті түрде антисептиктер қойылуға тиіс.

Адам көп жиналатын орындарда, әуежайлар мен вокзалдарда, автовокзалдар мен базарларда бетперде режимі сақталуға тиіс. Сауда және ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, театрларда, кинотеатрларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, банктерде және т.б. қоғамдық орындарда медициналық немесе матадан жасалған бетперде пайдалану ұсынылған. Бетперде тағу режиміне көшу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдарға жүктеледі.

Сонымен бірге жауапты органдар COVID-19 коронавирустық инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ-дің алдын алу шаралары туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тиіс.

Шенеуніктер коронавирус жұқтырған

Еске сала кетсек, Мәжілісте COVID-19 коронавирусты инфекциясына байланысты карантин жарияланған болатын. Мәжілістің баспасөз қызметі Президент Іс Басқармасының медициналық орталығының бас санитарлық дәрігері А.К.Темірғалиеваның 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысына сәйкес, Парламент Мәжілісінің аумағында коронавирустық инфекцияға қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты 7 ақпаннан бастап міндетті түрде бетперде кию режимі және басқа да алдын алу шаралары енгізілгенін хабарлады.

Баспасөз хабарламасында жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылатыны айтылған. Ал жиындар Мәжілісте бетперде режимі мен санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізіледі.

Мұның алдында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы ақпарат тарады. Мәжіліс төрағасы қазіргі күні денсаулығына байланысты ем қабылдап жатыр.

Сонымен қатар 7 ақпанда Президенттің кеңесшісі Қанат Бозымбаевтың коронавирустың анықталуына байланысты ем алып жатқаны айтылды. Президент әкімшілігі бұл ақпаратты растаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз