Тимур Құлыбаевтың бұрынғы компаниясы қаржының жоқтығынан темір кен орнындағы өндірісті уақытша тоқтатты

Жарияланды
Шығарушы редактор
Құлыбаевқа
Бұрын Құлыбаевқа тиесілі болған компания инвестиция таппай отыр. Фото: kursiv.media

Бұған дейін Құлыбаевқа тиесілі делінетін «Ақтөбе-Темір-ВС» еншілес кәсіпорны» қажетті инвестицияның жоқтығынан темір кен орынындағы өндірісті тағы да уақытша тоқтатты. Компания Ақмола облысындағы «Велиховское Южное» және «Велиховское Северное» кен орындарында темір өндіретін. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.

«Инвестициялардың болмауына байланысты, кен орындарын уақытша консервациялау мерзімін 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту»,– делінген компания хабарламасында.

Компанияның бас директоры Іргебаев Кеңесханның қолы қойылған шешім 6 ақпанда қабылданған. Сонымен қатар құжатта компанияның 2024 жылға арналған бюджеті 241 миллион теңге шығыспен бекітілгені жазылған.

«Ақтөбе Темір-ВС» еншілес кәсіпорны 2003 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік түрінде құрылған. 2017 жылы компания құқықтық нысанын акционерлік қоғам етіп өзгертті.

«Ақтөбе Темір-ВС» серіктестігінің жарғылық капиталы 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 297,2 млн теңге, меншікті капиталы теріс мән – минус 3,8 млрд теңге, жалпы активтері 19,9 млн теңге, жалпы міндеттемелері 3,8 млрд теңгені құраған. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы таза шығыны 226 млн болған.

Компанияның құрылтайшысы кім?

KASE мәліметінше, «Ақтөбе Темір-BC» акцияларының 50%-ы Qazaq Iron-ға, 30%-ы – EVO ST Group-қа тиесілі. Ал 10 пайыз акциясына «Капиталинвест» компаниясы иелік етсе, 10%-ы Gemini Mining B.V. ұйымына тиесілі.

2023 жылдың 9 айына арналған қаржы есебінде жалғыз құрылтайшысы – Gemini Mining B.V. деп көрсетілген. «Ақтөбе Темір-ВС» компаниясының түпкілікті акционерлері: М.Әбуов (Qazaq Iron ЖШС) З.Үйсенова (EVO ST Group ЖШС) А.Сәрсембаев және Е. Баймұратов («Капиталинвест» ЖШС), сондай-ақ G. Mahler (Gemini Mining B.V.) деп жазылған.

Egov мәліметі бойынша, Qazaq Iron компаниясының жалғыз қатысушысы – Мирбулат Әбуов, ал EVO ST Group-тың жалғыз акционері – Айдана Үйсенова. «Капиталинвест» ЖШС-нің жалғыз қатысушысы – Zenith, бұл компанияған Айдархан Сәрсембаев пен Ерлан Баймұратов иелік етеді.

Ал 2022 жылғы аудиттелген шоғырландырылған қаржы есебінде түпкілікті иелері Тимур Құлыбаев, C.Buchere және А.Сүлейменова екені жазылған еді.

Компания «Велиховское» кен орнында темір рудасын барлау және өндірумен айналысты. Келісімшарттық аумаққа «Велиховское Южное» және «Велиховское Северное учаскелері» кіреді. 2013 жылдың 31 желтоқсанында кен орнының таусылуына байланысты компания Велиховское Северное учаскесінде өндірісті тоқтатты. 2014 жылдың шілде айынан бастап «Ақтөбе Темір-ВС» компаниясы Велиховское Южное учаскесінде темір рудасын өндіруді бастады.

2023 жылдың І жартыжылдығындағы қаржы есебінде компанияның 2015 жылдан бастап жұмысын тоқтатқанын, бірақ шешім 2023 жылдың желтоқсанына дейін ұзартылғаны жазылған. Мұның себебі – әлемдік және жергілікті нарықтардағы темір рудасына сұраныстың төмендеуі. Сондай-ақ, темір концентрациясы 55%-дан төмен темір рудасына сұраныстың болмауы. Қазір компания темір кенін тек 36% дейін темір концентрациясымен сатуға мүмкіндігі бар.

«Ақтөбе-Темір-ВС» компаниясы 2023 күзде Real Estate Kazakhstan LTD басқарушы фирмасынан уақытша қаржылық көмек алғанын мәлім етті Көмек сомасы – сайақысыз 51,09 млн теңге (құжатта бөлінген қаржы займ деп те аталған). Бұл компания меншігіндегі активінен үш есе артық.

Сондай-ақ оқыңыз