Алматы қар құрсауында қала ма? Қала әкімдігі тұрғындарға ескерту жасады

Жарияланды
Алматы қар құрсауында қала ма? Қалыңдығы 20 см қар жауады деп күтілуде / Фото: архив kursiv.media

12 ақпанда сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін Алматыда қалыңдығы 20 см-ге дейін қалың қар жауады деп күтілуде. Бұл ақпан айындағы орташа айлық жауын-шашынның шамамен 40%-ын құрайды, деп хабарлады Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы хабарлады.

Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

«Қар шығару жұмыстары аяқталды. Қысқы кезеңде барлығы 226 мың текше метр қар шығарылды», – деп хабарлады Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

12 ақпан күні таңертең қар тазалауға 600 бірлікке дейін техника және 1220 жол жұмысшысы жұмылдырылады.

Көктайғақты алдын алу мақсатында, қар жауатын негізгі магистральдық көшелерді көктайғаққа қарсы сұйық реагентпен алдын ала өңдеу жоспарлануда.

«Дислокация орындарында қар жауғанға дейін 172 құм таратқыштың кезекшілігі ұйымдастырылады. Сонымен қатар көктайғақты болдырмау үшін қала көшелеріне оған қарсы материалдар себіледі. Жауған қарды тазарту үшін 15 колонна ұйымдастырылады, олармен бірге жол полициясының патрульдік машиналары еріп жүреді», – деп жазылған хабарламада.

Тротуарларды, жалпы пайдаланылатын орындарды, әлеуметтік маңызы бар объектілердің кіреберістерін тазалау үшін 176 шағын көлемді техника тартылады.

Аудан әкімдіктерінде қар тазалау жұмыстарының жүргізілуін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады.

Алматы қар күтеді. Қазақстанның өзге аумақтары ше?

«Қазгидромет» РМК-нің хабарлауынша, алдағы күндері 7 аймақта қолайсыз ауа райы сақталады. Бүгіннен бастап Астана қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарында дауылды ескерту жарияланды.

Желдің жылдамдығы секундына 30 метрден асуы мүмкін. Сондықтан мамандар алдағы күндері алыс сапарға шықпауға кеңес береді.

«Алдағы күндері Қазақстанда кезекті атлантикалық циклонмен байланысты фронттардың әсері байқалады. Бұлт үйіріліп, қатты жел соғады деп күтілуде. Еліміздің солтүстігінде желдің екпін 30 метр секундқа дейін күшейеді. Жаңбыр мен қар жауады. Түнде жауын-шашын мөлшері артады», – деп жазылған хабарламада.

Боранға байланысты Астанада мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқу форматына ауыстырылды. Елорда құтқарушылары боранға байланысты балаларды далаға шығармауды сұрады. Сондай-ақ, қатты қажеттілік туындамаса, ересектерге де далаға шықпауға кеңес береді.

8 ақпан Ақтөбе облысынының екі ауданында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды. Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болды. Сонымен бірге елдің 10 облысындағы автожолдарда шектеу енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыз