Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов үкіметте кеңес өткізіп, онда мемлекеттің шығындарына және жалпы бюджеттің жұмсалу барысына ревизия жүргізуді тапсырды. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет басшысы жұмыс қарқыны жоғары, ал талап қатаң болатынын айтып, Үкімет алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берген. Атап айтқанда, қаржы-экономикалық сала бойынша бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағыттап, өнімсіз шығыстарды толығымен жоюды тапсырған.
«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуға тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы әзірленіп жатқан Салық кодексінің жобасын қайта жазып шығуды тапсырды. Оның пікірінше кодекстің философиясы өзгеруге тиіс.
«Сарапшылар мен бизнес қоғамдастықтарының пікірлерін ескеру маңызды. Салық кодексі бизнестің белсенді болуына жағдай жасап, оны ұлғайтуға ынталандыруы керек», – деді премьер-министр.
Сонымен бірге Бектенов құжатты дайындау кезінде әкімшілендіруді толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеуді тапсырды. Бұл орайда бизнеске фискалдық шығындар мен әкімшілік жүктемелерден қорықпай, «өсу» қағидаты бойынша жұмыс істеу үшін тиімді жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ құрылыс саласына қатысты түйткілді мәселелерді қозғады. Отандық өнеркәсіп саласындағы алпауыт кәсіпорындарды қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға бағыттауды тапсырды. Жауапты органдарға барлық сметалық құжаттқа қазақстандық құрылыс материалдары мен басқа да заттар енгізілуін жүктеді. Сметалық құжаттамаларға материалдар мен жұмыстардың құнын орынсыз жоғарылатып жіберуге қатысты тексеру жүргізуін тапсырды.
«Сметалардың құны көтеріліп кететіні баршаға мәлім. Бұл мәселеде де тәртіп орнату керек», – деді Бектенов.
Осындай қатал тәртіп өндіріс пен өнеркәсіп саласында да орнау тиіс екенін жеткізді. Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді тапсырды.
«Олар жақын арада жаңа жоғары дәрежеде өңдеу өндірістерін құрудың нақты жоспарларын ұсынулары керек», — деді Олжас Бектенов.
Еске сала кетсек, Үкімет шығыстары Әлихан Смайылов басшылық еткен тұста айтарлықтай өскен. Нақтырақ айтсақ, Смайылов басқарған екі жылда Үкімет қарызы 54,8 млрд долларға дейін жеткен.
Дегенмен Смайылов премьер болып тұрған 2022 жылдың қаңтарында мемлекеттік қарыз 43,3 млрд доллар еді. 2024 жылдың қаңтарында ол 54,8 млрд долларға жеткен. Елеулі өсім мемлекеттік қазынашылық міндеттемелердің эмиссиясының ұлғаюымен байланысты.
2023 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 триллион теңге рекордтық мемлекеттік несие алынған. Бірақ соған қарамастан, мемлекет бюджетіндегі тапшылық жабылмаған. Ал Ұлттық қордан аударылатын трансферттер 4 триллион теңгемен шектелген. Қордан бұдан былай кірістен көп қаражат алу мүмкін болмаған.