Ақтөбе облысындағы екі ауданда төтенше жағдай жарияланып, 10 облыста жол жабылды

Жарияланды
Ауа райының қолайсыздығына
Қатты боранға байланысты маңызы бар автожолдарда шектек енгізілді / Фото: shutterstock

«QazAvtoJol» 8 ақпан күні түнде Ақтөбе облысынының екі ауданында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланғанын, сонымен бірге елдің 10 облысындаға автожолдарда шектеу енгізілгенін хабарлады.

«Ақтөбе облысындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Хромтау және Әйтеке би аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бұрқасын жел мен толассыз жауған қар салдарынан облыс аумағынан өтетін күре жолдардың 11 учаскесінде автокөлік қозғалысына шектеу енгізілді», – делінген «QazAvtoJol» хабарламасында.

Мұндай қолайсыз ауа райы елдің біраз аймақтарында сақталған. Сол себепті «QazAvtoJol» елдің 10 облысында республикалық маңызы бар автожолдарда шектеу енгізді. Атап айтқанда, 48 учаскеде жол қозғалысы шектелген.

Олар:

  •  Абай облысында – 1 учаске;
  •  Ақмола облысында – 14 учаске;
  •  Ақтөбе облысында – 5 учаске;
  •  Шығыс Қазақстан облысында – 2 учаске;
  •  Қарағанды облысында – 5 учаске;
  •  Қостанай облысында – 7 учаске;
  •  Қызылорда облысында – 1 учаске;
  •  Павлодар облысында – 4 учаске;
  •  Солтүстік Қазақстан облысында – 8 учаске;
  •  Ұлытау облысында – 1 учаскесі.

Қолайсыз ауа райына байланысты ел өңірлерінде мектептер онлайн оқытуға көшірілді. Атап айтқанда, Абай облысы мен Қарағанды қаласының білім басқармасы боранға байланысты 9 ақпанда екінші ауысым оқушыларының сабақтары қашықтан оқуға көшірілетінін хабарлады. Сондай-ақ Қостанайдың Жангелді, Ұзынкөл, Амангелді, Меңдіқара, Наурызым, Арқалық, Қарасу аудандары қашықтан оқуға көшірілді. Бұл өңірлерде қатты боран болады деп күтілуде.

Еске сала кетсек, астаналық құтқарушылар балаларды далаға шығармауға кеңес берді. Тіпті қатты қажеттілік туындамаса, ересектерге де далаға шығу ұсынылмайды.

«Балаларды далаға шығармаңыз. Мүмкіндігінше өзіңіз де шықпаңыз. Егер қатты қажет болса, туыстарыңызға немесе көршілеріңізге қайда бара жатқаныңызды және қашан оралғаныңызды ескертіңіз. Жалғыз шықпауға тырысыңыз. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұраймыз», – делінген құтқарушылар хабарламасында.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Астана қаласында 9 ақпанда боран, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан және батыстан соққан жел екпіні 15-20 м/с, 23-28 м/с, 9 ақпанда таңертең 30 м/с және одан да көп болады деп күтілуде.

Қарлы боран мен желдің күшеюіне байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қаладан тыс жерлерге барудан бас тартуды және қырағы болуды, ауа райының өзгеруі, енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалауды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз