Алматыда 8 ақпан күні болған лай көшкінінен кейін тау бөктерінде тұратын қала тұрғындарында алаңдаушылық көбейген. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде, халықтың көп қозғаған мәселесі тау бөктеріндегі қауіпсіздік болды.
«Қазіргі таңда тау бөктеріндегі жағдай күрделі. Өкінішке қарай, қазіргі таңда тау бөктерінде салынған құрылыс тексерілмейді. Шектеулерге қарамастан құрылыс салынып жатыр. Басында жеке тұрғын үй құрылысы ретінде басталатын ғимараттар, түбінде тұрғын үй кешендеріне айналып жатыр. Сонымен бірге еңіс жерлерге топырақ төселіп, тығыздалып, үстіне құрылыс салынатын болған. Бақтар жойылып жатыр. Салдарынан тау топырағы босап, кешегіндей қайғылы оқиғаға әкелуде», – деді Медеу ауданының тұрғыны.
Ол қайғылы оқиға қайталанбауы үшін тау бөктеріндегі учаскелерге аудит жүргізіп, қауіпті аймақтарды нығайтуды сұрады.
«Сіздің алдыңызда болған басшылар қауіпсіздікке еш мән бермеді. Сізге алғысым шексіз. Әкім болып келген тұста, жаңа заң қабылдап, 15 градустан асатып таулы жерлерде құрылыс бастауға тыйым салынды. Обсерватория маңындағы жерлерді рекреациялық аймаққа көшірдіңіз. Бұл қауіпсіздік үшін керек. Сол үшін біздің аудан тұрғындарының атынан рахмет айтамын. Десе де, талаптарды сақтамай құрылыс салып жатқандар бар. Сондықтан барлық тау бөктерінде тұрған құрылысқа тексеріс жүргізуді сұраймын. Қауіпті аймақтарды ескеріп, топырағын нығайту керек. Болашақта бұл талай адамның өмірін құтқарып қалуға көмектеседі»,– деді қала тұрғыны.
Өз кезегінде қала басшысы Ерболат Досаев тау бөктеріндегі барлық құрылыс тексеріліп, бір ретке келтірілетінін айтты. Президенттің сейсмоқауіпсіздікті сақтау туралы тапсырмасын орындау барысында тау бөктеріндегі құрылыстардың қауіпсіздігі тексерілетінін мәлімдеді. Ал 15 градустан асатын жерлерде құрылыс салу мәселесін заңмен шешілетінін, ол талапты айналып өтетін жолдарды жабатын заң қабылданатынын жеткізді.
«Жұмыстар басталып кетті. Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, бұл аймақтардың барлығын рекреациялық аймаққа ауыстырдық. Барлық таулы аймақта құрылысқа тыйым салынған. Әкімдікке жеке жер иеленушілерден арыздар көп түсуі мүмкін. Десе де, бұл бағытта жұмысымызды жалғастырамыз. Қазір геологиялық зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Тікелей аудит жүргізбесек те, қауіпсіздік мәселелерін қамтитын шаралар қолданамыз. Мұндай шаралар тек Алматыда емес, барлық жерде қабылдануға тиіс»,– деді әкім.
Еске сала кетсек, 8 ақпан сағат 2:20 шамасында Алматының Медеу ауданындағы Тау-самалы ықшам ауданында көшкін жүрді. Лай топырақ жеке меншік екі үйді басып қалған. Төтенше жағдайлар қызметі бір үй толық, екінші үй жартылай топырақ астында қалғанын хабарлаған. Кейін лай көшкіні орнынан ер адамның денесі табылды. Ол ғимараттың қирауы салдарынан қайтыс болған.
Ақпаратқа сәйкес, екі үйде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.
Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сүйенсек, суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жер үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.
Оқиға орнына қала әкімі Ерболат Досаев келді. Оның айтуынша, құтқару жұмыстары түнгі 3-тен бері жалғасқан.
«Негізгі мақсат – іздеу-құтқару жұмыстары. Үйде болған адамдарды іздеуге жұмылдырылған топтың жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету қажет», – деді Ерболат Досаев.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары № 47 мектепке эвакуацияланды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілген. Кейін тұрғындар өз еріктерімен туыстарының үйіне кеткен.
«Оқиға орнында «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды», – делінген хабарламада.
Алматыда лай көшкіні болған жерде дәрігерлер бригадасымен ТЖД психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылар зардап шеккен азаматтарды іздестіруде. Алайда оқиға орнында үйлер жақын орналасқандықтан, техниканы қолдану мүмкін емес екені хабарланған.