Самара-Шымкент автожолы 4 ақпаннан бері қардан тазартылып бітпеді

Жарияланды (жаңартылды )
Самара-Шымкент автожолы 4 ақпаннан бері қардан тазартылып бітпеді / shutterstock және wikimedia commons

Самара-Шымкент автожолында 4 ақпаннан бастап қардан тазарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек,  жолшылар тәулік бойы қар тазалауда. Дегенмен жұмыс жылдамдығына ауа райынан басқа да әсер ететін факторлар бар. Бұл – жолда қалған көліктер. 

«Жолшылар 200-ден астам көлікті алып шыққанымен, боранның алғашқы күндерінде ірі габаритті жүк көліктерін жолда екі қатармен қалдырып кеткен жүргізушілер бар. Сол себептен арнайы техниканың қозғалысы қиындауда. Әр жүк көлікті қардан шығаруға кемі 40 минуттай уақыт жұмсалып, жұмысты жылдамдату үшін бульдозерлер қолданылуда», – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда көрші облыстардан қосымша техника жеткізіліп, Ақтөбе- Хромтау учаскесінде 28 жол техникасы жұмылдырылған.

«Қауіпсіз қозғалыс мүмкіндігі қамтамасыз етілген сәтте, бірінші кезекте жеңіл көліктерге жол ашылады», – дейді «ҚазАвтоЖол» Ақтөбе облыстық филиалы директоры Айбол Данағұл.

Еске сала кетсек, боранға байланысты 6 облыста жол жабылып, СҚО-да мектептер қашықтан оқытуға көшірілді деп жазған едік.

Ақтөбе облысында – 3 учаске жабық. «Самара-Шымкент» жолының 776-965 шақырымы мен ЭКО Ойл ЖҚС-Қарабұтақ кентінің – 189 шақырымы жабылды. Шектеу автокөліктің барлық түрі үшін қолданылады.

Жүк және қоғамдық көлік түрлері үшін де шектеулер енгізілді. «Самара-Шымкент» автожолының 965-1153 шақырымында Қарабұтақ кенті мен Ырғыз кенті арасындағы – 188 шақырымында қойылған. Сондай-ақ «Самара-Шымкент» бағытының 1153-1240 шақырымында Ырғыз кенті-Қызылорда облысының шекарасына дейінгі шақырымына дейін енгізілді. Ақтөбе облысындағы қар мен бұрқасынға байланысты көрініс шектелген.

Елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты 5 облыста республикалық маңызы бар жолдарға шектеу енгізілді.

Атап айтқанда, Қарағанды облысында ауа райының нашарлауына байланысты «Екатеринбург-Алматы» мен «Астана-Теміртау» жол учаскелері жабылады деп хабарладық.

ҚазАвтожолдың хабарлауынша, елімізде қатты жел тұрып, боран соққандықтан, жол көрінісі нашарлады. Сондықтан «Ектеринбург-Алматы» тас жолының Жібек жолы ақы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі аймақта жол қозғалысы шектелді.

1 ақпанда Қазақстанда бес облыстағы республикалық маңызы бар тас жолдардың бес учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізілген болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз