Жаңалықтар

Алматы облысында Асы обсерваториясының жанында қар көшкіні түсті

Асы обсерваториясының жанында қар көшкіні түсті/Фото: ҚР ТЖМ

Алматы облысы ТЖД Еңбекшіқазақ ауданында қар көшкіні түсті. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты таулардың баурайында жалпы көлемі 52,5 текше метр қар көшкіні өздігінен түсті», – делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, қар көшкіні облыстық маңызы бар «Түрген ауылы – Батан» автожолын бөгеген. Автожолды тазарту жұмыстарын «Қазселденқорғау» күштері жүргізуде. Түрген өзенінің арнасы бойынша су кедергісіз өтуде. Зардап шеккендер мен қираулар жоқ.

«Азаматтардың қауіпсіздігі және автокөліктің жол қозғалысы мақсатында жолдың осы учаскесі бойынша жол 2024 жылғы 1 мамырға дейін Есік қ.- Есік көлі және Түрген автожолының 15 километрінен 41 километріне және Түрген ауылы-Батан-Асы обсерваториясы автожолының 20 шақырымынан 41 шақырымына дейін жабылды», –делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 8 ақпан сағат 2:20 шамасында Алматының Медеу ауданындағы Тау-самалы ықшам ауданында көшкін жүрді. Лай топырақ жеке меншік екі үйді басып қалған. Төтенше жағдайлар қызметі бір үй толық, екінші үй жартылай топырақ астында қалғанын хабарлаған. Кейін лай көшкіні орнынан ер адамның денесі табылды.  Ол ғимараттың қирауы салдарынан қайтыс болған. 

Ақпаратқа сәйкес, екі үйде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сүйенсек, суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жер үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Айта кетейік, оқыс оқиға салдарынан Алматыда лай көшкіні астында қалған төрт адамның денесі табылды деп жазған едік.

«Құтқарушылар оқиға орнынан 1984 жылы туған ер адам мен 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылғы екі жас жігіттің денесін шығарды», – деп хабарлады қалалық ТЖД. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары туыстары мен көршілеріне жедел психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Апат болған жерді лайдан тазарту жұмыстары жалғасуда.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол қайтыс болған азаматтарды жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсетуді тапсырған.

Айта кетейік, Алматы төтенше жағдайлар департаменті лай көшкінінің қайта жүру қаупі жоқ екенін мәлімдеді.

Алматыда Төтенше жағдайлар департаменті лай көшкіні салдарынан болған оқыс оқиға бойынша тау маңындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты тексеруде. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Алматы қаласының Медеу ауданында арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында ТЖД, Қазселденқорғау, қала әкімдігінің мамандары бар.

«8 ақпанда сағат 15:00-дегі жағдай бойынша комиссия зерттеу қорытындылары бойынша жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін қайта лай көшкінінің түсуіне қауіп жоқ деген шешімге келді. Осылайша, мамандардың бағалауы бойынша 8 ақпанда 3000 текше метрден астам лай көшкіні түсті. Сонымен қатар, жоғарыда 300-400 текше метр бос масса бар, ол қазіргі уақытта мамандардың күшімен тазартылып, сонымен бірге қауіпсіз жағдайға келтіріледі», – делінген хабарламада.