Премьер-министр мемлекеттік сатып алу үдерісін жеңілдетуді тапсырды

Жарияланды (жаңартылды )
Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алу үдерісін жеңілдетуді тапсырды/ Фото:primeminister.kz

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыра отырып, оларды түбегейлі жеңілдетуді және жеделдетуді тапсырды. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-министр отандық тауарлардың үлесін арттыра отырып, оларды түбегейлі жеңілдетіп және жеделдету қажеттігін айтты.

Үкімет басшысы қолданыстағы рәсімдер көбінесе мемлекеттік сатып алулар үдерісінің әдейі кешіктірілуіне әкеліп соқтыратына тоқталды. Оның салдарынан жаңа жобаларды іске асыру және экономиканың дамуы баяулайтынын атап өтті.

«Мұндай жағдайда пәрменді түрде алға жылжу керек. Өйткені қазіргі сатып алу жүйесі бәрін тежеп отыр. Конкурстарға шағымдану рәсімінің төңірегінде тұтас астыртын бизнестер пайда болды. Кейіннен бұл мәселеге қайта айналып соқпас үшін біз жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек», — деді Олжас Бектенов Үкіметтегі кеңесте.


Бұл ретте ол тиісті ынталандыру тетіктері арқылы сатып алулардағы отандық тауарлардың үлесін едәуір арттыру қажеттігіне тоқталды. Бұл – республикада әлі жолға қойылмаған жаңа өндірістерді қолдауға да қатысты мәселе.

ҚР Премьер-Министр мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде сарапшылармен және бизнес-қоғамдастықпен бірге қажетті шараларды пысықтауды тапсырды.

Талқылау барысында «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов аталған тәсілдерді қолдады. Ол бұл жобаларды іске асыру үшін министрліктермен бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

Айта кетейік, Мәжіліс жаңа премьер Олжас Бектеновтің кандидатурасын бекітті деп хабарладық.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысына қатысып, депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Мәжілісте 69 депутат Президенттің ұсынысымен келісіп, 7 депутат қалыс қалды.

Алайда президент ұсынған кандидатураны таңдау кезінде Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы шешіммен келісіп, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды.

Осыған дейін Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Бектеновтің кандидатурасын ұсынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз