Тимур Құлыбаевқа тиесіл «Шұбаркөл премиум» компаниясы жер қойнауын пайдалану келісімшартының талаптарын бұзғаны үшін айыппұл арқалады. Егер компания бір айдың ішінде мндеттемелерін орындамай, салынған айыппұлды төлемесе, көмір өндіруге арналған келісімшарты біржақты тәртіппен бұзылады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің компанияға жіберген хабарламасында жазылған.
«Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №125-VI Кодексінің, 66-бабының 2-тармағына сәйкес Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кен орнында (Центральный-2 учаскесі) тас көмірін өндіруге 2013 жылғы 08 қарашадағы № 4301-ТПИ келісімшарт бойынша міндеттемелерді бұзғаныңыз туралы хабарлайды» – делінген министрлік хабарламасында.
Құлыбаевтың компаниясы келісімшарттағы міндеттемелерін бірнеше жыл қатарынан орындамаған. Әсіресе, 2020-2022 жылдары келісімшарттың бірнеше бабы бұзылған.
Қандай талаптар орындалмаған?
Мәселен, келісімшарт талабына сәйкес, 2020 жылы компания жобаға 23,18 млрд теңге инвестиция салуға тиіс еді. Алайда компания бұл міндеттемені 33,5 пайыз ғана орындап, 7,78 млр теңге инвестиция құйған. Тарату қорына құйылуға тиіс 187 млн теңгенің тек 84 млн теңгесін бөлген. Қызметкерлерді оқыту, біліктілігін арттыру және қайта даярлауға 18 млм теңге бөлуі тиіс еді, бұл талап та толық орындалмаған.
Кен өндіруге 18,7 млрд теңгеден аса шығын шығару жоспарланған. Алайда компания оны 37,56%-ын орындап, 7 млрд теңге жұмсаған. Оғана қоса өндіріс жоспары жарым-жартылай орындалған. 2020 жылы өндіріс көлемі 3 млн тоннаны құрауға тиіс еді, алайда компания 1,291 млн тонна өнім өндірген.
2021 жылы да компания келісімшарттың бірнеше талабын орындамаған. Ол жылы жобаға салынуға тиіс 24,58 млрд теңге инвестицияның тек 15 млрд теңгесін құйған. Міндеттеме 61 пайызға орындалған. Мамандардың біліктілігін арттыруға жұмсалатын қаржы да толық бөлінбеген. Өндіріске жұмсалатын шығын 21,93 млрд теңге деп бекітілгенімен, 12,1 млрд теңгені құраған. Бұл жылы да кен өндіру көлемі жоспардағыдай болмаған. 3,5 млн тонна өнімнің орнына 1,65 млн тонна өндірілген.
Компания 2022 жылы да келісімшарт міндеттемелерін бұзған. 46 млрд теңге ивестициның тек 58,8 пайызын құйған. 24 млр теңгеден асуы тиіс күрделі шығынның тек 15,5 пайызы орындалған. 2022 жылы 4 млн тонна кен өндіру жоспарланғанымен, жоспар мүлдем орындалмаған.
Келісім-шарт талаптарын орындамағаны үшін компанияға 2020 жыл үшін 50,838 млн теңге айыппұл салынды. 2021 жылға тұрақсыздық айыппұлы 4,786 млн теңгені құрайды.
Компания туралы не белгілі?
Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметі бойынша, «Шұбаркөл Премиум» акционерлері: Joint Resources – 67%, Trans Coal Investment Group – 16,5%, «FCI Management» ЖШС – 16,5%. Аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, Joint Resources компаниясының жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев. Сонымен қатар еgov-тан алынатын ақпараттан Joint Resources компаниясының жалғыз акционері көсетілмейтін болды.
Былтыр жазда «Шұбаркөл премиум» Тимур Құлыбаевқа миллиардтаған дивиденд төледі. KASE-де жарияланған құжатта Құлыбаевтың «Joint Resources» компаниясының дивиденд ретінде 20,86 млрд теңге алғаны айтылған. Ал «Fci management llp» ЖШС мен «Trans coal Investment Group» ЖШС басшылары Сағдиева мен Елимесова әрқайсысы 5,13 млрд теңгеден алған.
2023 жылдың алғашқы үш тоқсан қорытындысы бойынша «Шұбаркөл Премиум» 60,2 млрд теңге кіріспен 4,8 млрд теңге таза пайда алды. Компанияның активтері – 74,7 млрд теңгені, капиталы – 49 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар былтыр компания көмір өндіруді 52%-ға, экспортты 18,8%-ға қысқартты. Оған себеп ретінде кенші «Қазақстан темір жолы» компаниясынан вагондардың жеткізілмеуін көрсеткен.
Жыл басында Құлыбаевтың компаниясының директорлар кеңесінің құрамы өзгерді.
Бұл шешім «Шұбаркөл Премиум» акционерлерінің жалпы жиналысында қабылданған. Тәуелсіз директор Әділ Ғабдуллин директорлар кеңесінің құрамынан шығарылды. Оның орнына Елдос Райжанов, Эльдар Байболов және Ермек Баймұханов сайланды. Сонымен қатар директорлар кеңесінің басшысы болып Луиза Ақанова қайта сайланды.