Жапаров АҚШ мемлекеттік хатшысынан Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады

Жарияланды
жапаров
Жапаров АҚШ мемлекеттік хатшысына Қырғызстанның ішкі ісіне араласпауды ескертті / facebook.com/KyrgyzPresident

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннен Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады.

Бұған дейін Блинкин Қырғызстан Парламентінде қаралып жатқан «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасына қатысты алаңдаушылық білдірген.

Заң жобасы Қырғызстанда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға бақылауды күшейтуді көздейді. Сондай-ақ оларды шетелдік көздерден қаржыландыруды шектейді. Құжатты ел парламенті бірінші оқылымда қабылдады.

Жапаровтың айтуынша, Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылауға ниетті.

«Заң жобасының тұжырымдамасы 1938 жылы АҚШ-та қабылданған қолданыстағы шетелдік агенттерді тіркеу туралы заңға (FARA) жақын. Fara шетелдік агенттің мәртебесін тек БАҚ үшін ғана емес, басқа заңды және жеке тұлғалар үшін де қарастырады. Сонда сіз қабылдаған заңды, біз қабылдай алмаймыз ба?», – деп сұрады Жапаров.

Ол Блинкен мәлімдемесінде Қырғызстан ішкі істеріне араласу белгілері бар екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, қырғыз президентінің айтуынша, заң жобасы ҮЕҰ мен БАҚ қызметінің ашықтығын және олардың салық органдарына есеп беруін қамтамасыз етуді көздейді.

Осыған дейін Бішкек соты Kloop Media қоғамдық қоры яғни Кloop тәуелсіз Қырғыз басылымының заңды тұлғасын тарату туралы шешім қабылдағанын жазған едік

2023 жылы жазда прокурорлық талаптан кейін қорға қатысты тергеу жұмыстары басталған. Бішкек прокуроры Эмильбек Әбдіманнапов Kloop басылымы «мемлекеттік және муниципалдық органдардың өкілдерінің беделін түсіруге бағытталған теріс сипатта ақпарат таратады» деп мәлімдеген. Kloop Media бұл шешімге қарсы жоғары тұрған сотқа шағым жасайтындықтарын мәлімдеді.

Қазақстандағы шетелдік агенттер

2023 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі шетелден қаржыландыру алатын жеке және заңды тұлғалардың тізімін жариялаған. Оның құрамында 240 ұйым мен азаматтар бар. 

Қазақстан банктері «шетелдік агенттер» тізіліміндегі компаниялардан ақшаның мақсаты туралы құжаттарды талап ете бастаған.

Мәселен, Нұрбанк «күдікті қаржылық операциялар» бойынша тергеу аясында әлеуметтік белсенділердің есепшоттарын бұғаттап тастады. Атап айтқанда, «Эхо» қоғамдық бірестігінің Нұрбанктегі есепшоттары ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күресті реттейтін заңнама негізінде уақытша бұғатталған. 

«Эхо» директоры Павел Лобачевтың айтуынша, бір ай бұрын Нұрбанк өкілдері бірлестікке хабарласып, Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап, қоғам белсенділерінен құжаттар сұраған. Ұйым Қазақстан заңнамасына сәйкес барлық қажетті құжаттарды беруге дайын болғанымен, банктен нақты нұсқаулар келмеген.

Сондай-ақ оқыңыз