Жұмыс беруші қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндеттеледі

Жарияланды
Жұмыс беруші қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндеттеледі / shutterstock

2024 жылдың 20 ақпанынан бастап Қазақстанда жұмыс беруші өз қызметкерлерін қызмет міндетін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндеттеледі. 

Шарттың мәні қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру. Сақтандыру сыйлықақысын төлеуге міндеттеледі. Ал сақтандыру жағдайы болған кезде сақтандыру компаниясы сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттеледі.

«Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шарты бекітілсін», – делінген ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымова қол қойған қаулыда.

Еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкермен зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың әсерінен болған, соның салдарынан өндірістік жарақат, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улану орын алған, оны кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу, кәсіптік ауруға шалдығу не қайтыс болу дәрежесін белгілеуге әкеп соққан жазатайым оқиға шарт бойынша сақтандыруға міндеттеледі.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге 2024 жылдан бастап сақтандыру ұйымдары қосымша ақы төлейді. Бұл жайлы ҚНРДА хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша мұндай төлемдер зейнетке шыққанға дейін төленеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында олар үшін зейнетақы алдындағы аннуитеттік сақтандырудың жаңа сақтандыру өнімі әзірленіп жатыр. Мұндай қызметте істейтіндерге зейнетақы алдындағы төлемдер 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейін жүзеге асырылатын болады», – делінген агенттік хабарламасында.

Ал зейнетақы алдындағы аннуитет жұмыс берушінің қаражаты есебінен жасалады. Яғни жұмыс беруші өз қызметкерлерінің еңбек міндеттерін атқаруы кезінде оларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға тиіс. 

«Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, барлық жұмыс беруші жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шартын жасауға міндетті. Ол зардап шеккен қызметкерлерге жоғалған табысын толтыруға арналған төлемдерді, медициналық көрсетілетін қызметтерді өтеуге арналған төлемдерді, асыраушысы қайтыс болған жағдайда асырауындағы адамдарға төленетін төлемдерді өтейді», – деп түсіндірілген хабарламада.

Зардап шеккен қызметкерлерге жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шарттары бойынша төлемдер жазатайым оқиғаның жұмыста кімнің кінәсінен болғанына қарамастан төленеді.

Бұл шаралар азматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі бойынша сақтандырылуын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта осыған қатысты заңнамалық өзгерістер Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатыр.

Зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

Арнайы әлеуметтік төлемдер 55 жасқа толған, 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар жұмыскерлерге төленеді. Сондай-ақ олар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскер болуы шарт.

Сондай-ақ оқыңыз