2023 жылы жалпы ауданы 116 800 гектарды құрайтын 810 орман өрті тіркелді. Салдарынан 61,1 мың гектар жерді қамтитын орман алқабы өртеніп кетті. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Оның дерегінше, орманды тазартып, өрт шалған ағаштарды кәдеге жарату мәселесі қарастырылып жатыр.
«Өртенген орман ағашының шамамен 80%-ы отын ретінде пайдалануға ғана жарайды. Сондықтан өңірде ағашты тереңдетіп өңдеу зауытын салу қажет. Министрлік Абай облысының әкімдігімен бірлесіп, орман өртіне шарпылған ағашты тереңдетіп өңдеу зауытын салу үшін инвестор тарту мәселесін пысықтап жатыр. 4 компания осы істі атқаруға мүдделі екенін жеткізді», – деді Нысанбаев.
Айтуынша соның ішінде бір компания қазірден бастап жұмысты қолға алуға дайын. Алайда министр нақты қай компания екенін атамады.
«Соның ішінде бір компания қазірдің өзінде сүрек дайындау үшін келісім-шарт жасасуға дайын екенін мәлімдеді. Олар сүрек дайындайтын зауыт салуды және сонымен бір уақытта ол зауытқа қажетті шикізатты әзірлеуге дайын», – деді министр кулуарда.
«Семей орманын» тазарту жұмысы басталды
Ерлан Нысанбаевтың дерегінше, Абай облысында 6 млн текше метр ағаш өртенген.
«Семей орманы» резерватында өртенген орман ағаштарын тазарту жұмысы басталды. Орман зиянкестерінің таралуына жол бермеу және ағашты сақтау мақсатында бүлінген өртенген ағаштарды жинап алу ісін барынша қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет. Резерваттағы техника мен жабдықтардың саны шектеулі. Осыған байланысты арнайы техника мен жабдық сатып алуымыз керек», – деді Экология және табиғи ресурстар министрі.
Министр Қостанай облысында өртенген орман ағаштарының көлемін ескере отырып, жалпы республика бойынша ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі бар екенін айтты.
«Семей орманы» резерватында өртенген орман ағашын тазарту жұмысы биыл 15 – қаңтарда басталды. Бұл жұмысты резерват өз күшімен атқарып жатыр. Бүгінге дейін 415 текше ағаш өңделді. Жұмыстың ауқымдылығын ескере отырып, бұл іске Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің резерватқа жақын орналасқан табиғат қорғау мекемелерін жұмылдыруды жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Бас эколог Қазақстан жаһандық жылынудан жапа шегіп отырғанын атап өтті.
«Әлем бойынша ауа температурасы көтеріліп жатыр. Осыған байланысты Қазақстанда орман өрті көбейіп кетті. Дүниежүзі бойынша Азия континентінде климат +4 градусқа өзгерді. Бұл құбылыс 2023 жылғы желтоқсанда Дубайда өткен климаттың өзгеруі жөніндегі конференцияда айтылды», – деді Экология және табиғи ресурстар министрі. Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Қазақстанда орман өртінің жиілеп кетуіне ескі техниканы кінәлаған болатын.
Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2023 жылы найзағайдың түсуінен – 498, ауыл шаруашылығы жерінің отқа орануынан – 87, жеке және заңды тұлғалардың кінәсынан – 31, анықталмаған себептен – 194 өрт оқиғасы тіркелді.
«Елдегі мемлекеттік орман қорының көлемі – 30,9 млн гектар. Оның ішінде орманмен көмкерілген жер – 13,7 млн гектар. Қазақстандағы орманның үлесі – 5,5%. 2023 жылы жалпы ауданы 116 мың 800 гектарды құрайтын 810 орман өрті тіркелді. Оның ішінде 61,1 мың гектар жер орманмен көмкерілген алқапты құрады», – деді Ерлан Нысанбаев.
«Семей орманы» – 2023 жылы тіркелген ең ірі орман өрті
Еске салайық, 2023 жылғы 8 маусымда «Семей орманы» табиғи қорығында өрт шығып, оны өз күшімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болды.
Абай облысындағы алапат өртке байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары кейінге шегерілді. Президент 10 маусымда Абай облысына барды. Сол күні ТЖМ жұмысын сынап, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.
11 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Бас прокуратура өртке қатысты немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінді. Қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады.