Қор нарығы: АҚШ-та сауда артса, Еуропада төмен динамика байқалды

Жарияланды
Қор нарықтары құбылып тұр / Фото: архив kursiv.media

АҚШ қор нарықтарында сауда артса, Еуропа қор биржаларында төмен динамика байқалды. Бұл туралы KASE таңғы шолуында жазылған.

Жұма күні АҚШ қор нарықтарында аралас динамика байқалды.

Мәселен, S&P 500 және Nasdaq 100 сәйкесінше 0,6% және 1,3%-ға қымбаттады. Осылайша екі индекс те жаңа рекордтық деңгейге жетті. Ал Dow Jones мұнай, газ және өнеркәсіптік қорлар индекске қысым жасағандықтан 0,14% құлдырады.

NVIDIA (+3,5%), Amazon (+2,6%), Alphabet (+2,1%) және Microsoft (+1,5%) сияқты ірі компаниялардың акциялары қымбаттады. PepsiCo (-3,4%), Pinterest (-9,4%) және Expedia (-17,7%) акциялары тоқсандық көңіл көншітпейтін нәтижелерден кейін төмендеді. АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық кірістілігі 4,18%-ға жуық өсті. Бұл желтоқсанның ортасынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Өйткені инвесторлар тұтынушылық бағалар индексі деректерін АҚШ экономикасының тұрақты болып қалатынының белгісі ретінде түсінді.

BLS деректері бойынша, желтоқсанда тұтыну бағасының индексі өткен аймен салыстырғанда 0,2% өсті. Бұл 0,3% болжамнан сәл аз. Ал негізгі тұтынушылық баға индексі 0,3% көтерілді. Енді инвесторлар осы аптада шығатын қаңтар айындағы инфляция есебін күтіп отыр.

Бұл тұста Еуропа қор биржаларында төмен динамика байқалды. Stoxx 600 индексі 485-тен төмен жабылды, ал DAX 40 0,2%-ға төмендеп, 16 927-ге жетті. Hermes акциялары төртінші тоқсандағы сатылым 17,5% артқаны туралы хабарлағаннан кейін 5,1%-ға өсті. Бірақ L’Oréal акциялары 7,6%-ға құлдырады. Өйткені оның 2023 жылғы қаржысы болжамдардан төмен болды. Германиядағы инфляция қаңтарда 2,9%-ға дейін баяулады. Бұл – соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Жапон қор биржаларында ұлттық мерекеге байланысты дүйсенбі күні сауда болмады.

Жұма күні Мәскеу биржасының индексі 0,02%-ға өсіп, 3 242,38 болды.

Тауар нарықтарына келсек, дүйсенбі күнгі таңертеңгі сауданың соңында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 81,74 долларды, WTI маркалы мұнай бағасы барреліне 76,37 долларды құрады. Ал DXY Dollar Index дүйсенбі күні таңертеңгі саудада 104.00 деңгейінде саудаланады.

Еске сала кетсек, ФРЖ-ның ақша-несие саясатындағы сақтық ұстанымы АҚШ қор нарығына кері әсер еткен.

Сондай-ақ оқыңыз