Жаңалықтар

«Ұлттық қор  – балаларға»: Төленетін қаржы инвестициялық кірістің түсуіне байланысты жыл сайын артады

балалардың шотына
«Ұлттық қор – балаларға»: 9 күнде 100-ге жуық өтініш келіп түскен / Фото: shutterstock и freepik

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылған алғашқы тоғыз күнде БЖЗҚ-ға мақсатты жинақтарды алуға 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов айтты.

«2024 жылы 18 жасқа толған 304 815 баланың БЖЗҚ-дағы мақсатты жинақ шоттарына әрқайсысына 100 доллардан түскен. Олар кәмелеттік жасқа толған бойда мақсатты жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім беру ақысын төлеуге жұмсауға құқылы», – деді спикер.

Бұл алғашқы есептеулер болды. Спикердің айтуынша, қаржы көлемі Ұлттық қордың ұлғаюы мен инвестициялық кірістің түсуіне байланысты жыл сайын өсетін болады.

Осылайша, бағдарлама жүзеге асырыла бастаған тоғыз күн ішінде  БЗЖҚ-ға 100-ден астам өтініш келіп түсті. Оның 54-і білім беру ақысын төлеу, 49-ы тұрғын үй жағдайын жақсартумен байланысты. Өтініштердің 63-і орындалды. Уәкілетті операторларға белгіленген банк шоттарына төлемдер жүргізілді. 21-і қарастырылып жатыр, 19-ы қабылданбады.

«Өтініштердің қабылданбау себептері – бір өтінішті қайталап беру, деректер мен сомаларды дұрыс көрсетпеу. Біздің байқауымызша, кейбір азаматтар өз өтініштерінде есепшотындағы жинақ сомасынан асып түсетін соманы көрсеткен. Тексермейміз немесе байқамай қаламыз деп ойлаған болуы мүмкін. Бірақ бұл өтініштердің барлығы қаралмай, кері қайтарылды», – деп түсіндірді БЖЗҚ басшысы.

Мұрат Шәріпов Ұлттық қордан түсетін мақсатты жинақ төлемдеріне жеке табыс салығы салынбайтынын айтты. Сонымен қатар БЖЗҚ өз қызметі үшін комиссия алмайды.

Еске сала кетсек, 1 ақпан елдегі барлық баланың есепшотына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша алғашқы нысаналы жинақтары түсті. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы саналатын барлық бала қатысушы ретінде тіркелген.

Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл тізімде 01.01.2006 жыл мен 31.12.2023 жыл аралығында туған барлық бала бар. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар бұл қаражатты биыл алады.