Жаңалықтар

Ақтөбе облысында алтын өндірумен айналысатын компания жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартты бұзған

Юбилейное кен орны
Коллаж: kursiv.media

Ақтөбе облысындағы Юбилейное кен орны жер қойнауын пайдалану туралы келісімшартты бұзған. Бұл жайлы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сайтында жазылған.

«Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы №125 – VI Кодексінің 66-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысындағы Юбилейное кен орнының алаңында Алтын мен полиметалдарды барлауға 2008 жылғы 28 қаңтардағы №2560 келісімшарт (бойынша міндеттемелердің бұзылғаны туралы хабарлайды», делінген сайтта.


Министрліктің хабарлауынша, кен орны 2021 жылғы міндеттемелерін қажетті деңгейде орындамаған. Атап айтқанда бұл жылы:

  • инвестициялардың орындалуы 82,69% немесе 218041,53 мың теңгені
    құраған. Ал жоспарлы көрсеткіш 263700,625 мың теңге болуы керек.
  • орындау барлау шығындары 75,53% немесе 181438,06 мың теңге болған. Ал
    жоспарлы көрсеткіш 240219,66 мың теңге көлемінде болуға тиіс.
  • бұрғылау жұмыстарын орындау 19 ұңғыманың жоспарлы көрсеткіші
    26,32%-ы ғана болған, жұмыс істеп тұрғаны 5 ұңғыма.
  • бұрғылау жұмыстарын орындау жоспарлы көрсеткіші 5582,5 сызықтық метрді құрағанымен, атқарылған жұмыс көлемі 0% немесе 0 сызықтық метрді құрайды.

Осыған байланысты, министрлік ескерту хабарламасын жолдаған. Компания бұл хабарламаны алған 1 ай ішінде бұл олқылықтарды жоюы керек.

Компания келісімшарт міндеттемелерінің бұзылуын жою, сондай-ақ олардың
жойылғанын растайтын барлық қажетті құжатты тапсыруға тиіс. Яғни төлем тапсырмаларының, шарттың көшірмелері, орындалған жұмыстар актілерін ұсынады.

Ал егер ескертуге сай, шарттар орындалмаса министрлік келісімшарт күшін жою туралы шешім шығаруы мүмкін.

«Хабарлама талаптары белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда құзыретті
орган келісімшарт талаптарына және қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар
қабылдауға, оның ішінде Кодекстің 277-бабы 14-тармағы 12-тармақшаға сәйкес
біржақты тәртіппен келісімшарттың қолданылуын тоқтатуға құқылы»,–
делінген хабарламада.

Юбилейное кен орны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында орналасқан. Кен орнын пайдалану лицензиясы «AltynEx Company» акционерлік қоғамына берілген. Ал бұл компания құрылтайшылары ретінде eGov порталындағы деректерде TERRA MINERALS EXPLORATION LIMETED және LINKORN LIMETED компанияларына тиесілі екені жазылған.

«Курсив» 2021 жылы Юбилейное алтын кен орнының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп ереуілге шықққан туралы жазған. Мұғалжар облысы әкімдігінің мәліметінше, ереуілге 60 жұмысшы (шахтерлер мен слесарлар) қатысқан. Олар жалақының 50% өсуін талап еткен. Компания сол кезде жыл басынан бері жұмысшылардың жалақысын 15%-ға көтергенін, 2021 жылдың екінші жартысында тағы 10% -ға көтеретінін мәлімдеген.