Қазақстан қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеумен айналысатын инвесторға салық жеңілдігін бермек. Мұндай келісімге үкімет атынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қол қояды. Тиісті қаулы «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.
Үкіметі қаулысында қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің жобасы қаулы қосымшасына сәйкес бекітілетіні жазылған. Оған қоса, Өнеркәсіп және құрылыс министріне осы келісімге қол қоюға өкілеттік берілмек.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Жеңілдік алу үшін инвестордың өңдеу жобасына салатын инвестициясы 70 млн АЕК немесе 258,44 миллиард теңгені құрауға тиіс.
Жоба қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдейтін жаңа өндіріс құруды көздейді. Бар өндірісті кеңейту немесе қолданыстағы өндірісті жаңғыртуды қамтиды. Инвестордың жарғылық капиталына салатын немесе кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын тіркелген активтері, оларға құқығы, қаржы лизингі заттарын қоса алғанда, мүліктің барлық түрі – инвестиция деп саналады.
Шартқа қол қойылғаннан кейін, инвесторға преференциялардың мынадай түрлері ұсынылады:
- инвестициялық жобаны іске асырудан түскен кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайту;
- инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде 0 коэффициентін қолдану;
- инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын объектілер бойынша мүлік салығын есептеу кезінде салық базасына 0 пайыз ставкасын қолдану.
Егер кен орнының ішкі рентабельділігі 15 пайыздан аспаса, КТС және жер салығы бойынша жеңілдік – 10 жылға беріледі. Ал мүлік салығы бойынша – 8 жыл деп белгіленген. Рентабельдiлiктiң белгiленген нормасына жеткенде, салықты жалпы белгiленген тәртiппен, жеңiлдiксіз төлейдi. Егер табыс нормасы 15%-дан төмен түссе, қайтадан жеңілдікті пайдалану құқығына ие болады
Келісім мерзімінен бұрын тоқтатылса, инвестор салық, кедендік баж немесе шартта көзделген басқа да жеңілдікті өтеуге міндетті. Қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Құжатты қоғамдық талқылау 26 ақпанға дейін жалғасады.
Қатты пайдалы қазбаларды игеруге арналған алғашқы электронды аукцион 2023 жылы тамызда жабық өткен.