Жаңалықтар

Самара-Шымкент жолында қызметтік міндетін атқару кезінде «ҚазАвтоЖол» маманы қаза тапты

қызметтік міндетін
Самара-Шымкент жолында қызметтік міндетін атқару кезінде «ҚазАвтоЖол» маманы қаза тапты / shutterstock

2024 жылдың 10 ақпанында сағат 14:00 шамасында Самара-Шымкент автожолында қызметтік міндетін атқару кезінде «ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкері қаза тапты.

Қайғылы оқиға Самара-Шымкент автожолының 1285 шақырымында болған. Жол-көлік оқиғасының (жол бойында тұрған көлікті соққан) салдарынан тікелей қызметтік міндетін орындау кезінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Сыдықов Сақтапберген Бақытжанұлы қайтыс болды.

«Оқиға «Самара-Шымкент» автожолында Арал ауданы, Сазды ауылы маңында қозғалыс қайта жанданған уақытта болған. Қатты жылдамдықпен келген Toyota Alphard көлігі жол бойында тоқтап тұрған көлікке соқтығысқан, сол уақытта автокөлік ішінде компания қызметкері жұмыс істеп отырған. Салдарынан ол тілге келместен сол жерде жан тапсырды», – делінген компания хабарламасында

Марқұм Қызылорда облыстық филиалының бас маманы болып, компанияда 6 жылдан астам жұмыс істеген. Оның артында төрт баласы мен жары қалды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкерлері марқұмның туған-туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Артында қалған отбасына компания тарапынан барлық қажетті қаржылық қолдау көрсетіледі», – делінген компания хабарламасында.

5 ақпанда QazAvtoJol ауа райының қолайсыздығына байланысты 6 облыста республикалық маңызы бар автожолдардың 8 учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізді. Ақтөбе облысында – 3 учаске жабық екенін белгілі болған. «Самара-Шымкент» жолының 776-965 шақырымы мен ЭКО Ойл ЖҚС-Қарабұтақ кентінің – 189 шақырымы жабылды. Шектеу автокөліктің барлық түрі үшін қолданылады. 

Жүк және қоғамдық көлік түрлері үшін де шектеулер енгізілді. «Самара-Шымкент» автожолының 965-1153 шақырымында Қарабұтақ кенті мен Ырғыз кенті арасындағы – 188 шақырымында қойылған. Сондай-ақ «Самара-Шымкент» бағытының 1153-1240 шақырымында Ырғыз кенті-Қызылорда облысының шекарасына дейінгі шақырымына дейін енгізілді. Ақтөбе облысындағы қар мен бұрқасынға байланысты көрініс шектелген.

Ал Қызылорда облысының Самара-Шымкент бағытында 1240-1360 шақырымда және Ақтөбе облысы шекарасынан Арал қаласына дейінгі 120 шақырымда күннің бұзылуына байланысты жол қозғалысы тоқтаған. Автокөліктің барлық түріне бұл бағытта қатынауға тыйым салынған.

10 ақпанда жолшылар тәулік бойы қар тазалап жатқанын жазған едік. Дегенмен жұмыс жылдамдығына ауа райынан басқа да әсер ететін факторлар бар. Бұл – жолда қалған көліктер. 

«Жолшылар 200-ден астам көлікті алып шыққанымен, боранның алғашқы күндерінде ірі габаритті жүк көліктерін жолда екі қатармен қалдырып кеткен жүргізушілер бар. Сол себептен арнайы техниканың қозғалысы қиындауда. Әр жүк көлікті қардан шығаруға кемі 40 минуттай уақыт жұмсалып, жұмысты жылдамдату үшін бульдозерлер қолданылуда», – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда көрші облыстардан қосымша техника жеткізіліп, Ақтөбе- Хромтау учаскесінде 28 жол техникасы жұмылдырылған.

«Қауіпсіз қозғалыс мүмкіндігі қамтамасыз етілген сәтте, бірінші кезекте жеңіл көліктерге жол ашылады», – дейді «ҚазАвтоЖол» Ақтөбе облыстық филиалы директоры Айбол Данағұл.