Жемқорлық фактісі көп: Мемлекеттік сатып алу жүйесі қалай өзгереді?

Жарияланды
Жемқорлық фактісі көп: Мемлекеттік сатып алу жүйесі қалай өзгереді? / shutterstock

Қаржы министрі Мәди Такиев «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасында қандай өзгеріс болатыны туралы айтып берді.

Министрдің сөзінше, заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Ол Мәжілісте депутаттар қарастырып жатқан заңды Үкіметтің де талқылап жатқанын айтты. Заңға қатысты жұмыстар қайта басталып, премьер-министр қатысуымен кеңес өткен.

Такиев жаңа заң жобасында сатып алу жүйесіне қатысты барлық сынның ескерілетінін атап өтті.

«Мәселе – өте маңызды. Сынның барлығы сатып алу мәселесіне қатысты айтылып келеді. Ол ашық емес, автоматтандырылмаған, мемлекеттік органдар сатып алу күшін жоя алады. Бұдан бөлек, жемқорлық фактісі көп», – деді министр. 

Ол жаңа заң жобасында нақты өзгерістер болатынын да атап өтті. Министрлік мемлекеттік аудиттен бас тартуды жөн көрген. Мемлекет камералық бақылауға ауысуды көздейді. Сатып алу процестерінің мерзімі де қысқаруы мүмкін.

«Заң жобасының негізгі мақсаты отандық тауар өндірушілерге назар аударып, оларды қолдау. Бұдан бөлек, акт толтырып, отандық шағын және орта бизнес өкілдерінен сатып алуға міндеттелетін өнімдердің тізімін жасап шығамыз», – деді министр. 

Қараша айында Мәжілістің комиссия отырысында заң жобасының таныстырылымы өткен. Ұсынылып отырған жаңа заң жобасы негізінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сатып алу рәсімдерін оңайлату және бюрократиядан арылту, құрылыс нарығын монополиядан арылту сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру көзделген. 

Осыған дейінгі премьер-министрдің орынбасары әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік сатып алу жүйесіне қандай өзгерістер енгізілетінін айтты.

Негізгі проблема неде? 

Министр осы сұраққа жауап іздеу кезінде Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру дұрыс жүргізілмейтінін анықтаған.

«Көп жағдайда жергілікті атқарушы орган жол, мектеп немесе басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде қандай да бір компаниямен алдын ала келісіп алып, соған конкурсты ұтып беруге жағдай жасағысы келеді. Енді мұндай қитұрқы әрекет жасай алмайды», – деді Жамаубаев.

Министр конкурстық процедураның толығымен автоматтық жүйеге көшетінін айтады. Яғни қызмет көрсету немесе тауарларды сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алуға өтініш берген компаниялар цифрлық жүйеге жоспарларына сай балл қойып, рейтинг жасайды. Жүйе шешімімен рейтингі жоғары болған компания тендерді ұтып алады.

«Мұның барлығы жабық түрде өтеді. Яғни конкурсқа қатысып жатқан компаниялар бір-бірін, олардың жоспарын білмейді. Жүйе арқылы өздеріне қандай балл беріледі, сол компания ұтып алады. Бәрін автоматты түрде цифрландырылған процесс шешкендіктен, шағымдануға да мүмкіндік болмайды», – деді министр.

Оның айтуынша, бастапқы кезеңде құрылыс жұмыстары, одан кейін жобалау жұмыстары, кейін өзге қызметтерде цифрландыру жүйесіне көшеді.

Электрондық дүкен қызметі іске қосылады. Яғни тапсырыс бергісі келетін орган арнайы электронды дүкенге кіріп, бағаларды салыстырып, қолайлы бағамен ала алады.

Министрдің сөзінше, қазір Қаржы министрлігі даярлаған жаңа заң жобасы Мәжіліске жеткен. 

«Халық тарапынан, органдар немесе журналистер тарапынан бақылау жүргізуге мүмкіндік ашып отырмыз. Мысалы, қандай да бір компания мектеп салуға конкурс ұтып алды делік. Ол компания мектептің іргетасы қаланып, шатыры құрылғанға дейін мерзімдерін белгілеп, жоспарын жүйеге енгізуі керек. Егер мерзімінен кешігіп жатса, оны қоғам бақылап, ескерту жасап, тіпті жұмысты басқа компанияға беруге болады»,–деді Жамаубаев.

Сондай-ақ оқыңыз