«Әйел ретінде келісе алмаймын». Депутат әйелдерді «тілі ұзын» деп жазғырған әріптесін жақтамайтынын жариялады

Жарияланды
Депутат әйелдерді «тілі ұзын» деп жазғырған әріптесін жақтамайтынын жариялады/ Фото: shutterstock

Мәжілісмен Жарқынбек Амантай мен Анас Баққожаевтың тұрмыстық зорлық-зомбылықтағы әйелдердің рөлі мен кінәсі туралы даулы мәлімдемесі депутат Наталья Дементьеваға «таяқ» болып тиді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваға әріптестерінің абайламай айтқан сөзіне пікір білдіруге тура келді.

Бұған дейін депутат Жарқынбек Амантай мен Анас Баққожаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйелдердің өздері түрткі болатынын айтты.

Амантай Жарқынбек тұрмыстық жанжалға тек қана ер адамдарды кінәлай беруге болмайтынын алға тартты. Әйелдер ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін қамап тастайтын болса, қоғамда бүтін отбасы қалмайтынын айтқан. Сонымен қатар ол күйеуі 15 күнге қамалған әйелді де 15 күн оқшаулап, жауып тастауды ұсынған.

«Біздің заңда арандатушы деген ұғым бар. Провакация деген ұғым заңда бар. Осы тұрғыда әйел адамның да мойнына жауапкершілік артылуы керек. Ер азаматты 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, кінәлі деп табылса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, отбасын шайқалтқан жауапкершілік те бірдей болуы керек. Сонда біз көп мәселені тізгіндей аламыз», – деген Амантай Жарқынбек. Ал Анас Баққожаев «басқа пәле тілден» екенін алға тартып, әйелдер тілден «таяқ жейтінін» түсіндірген.

«Еркектің ең сорлысы ғана әйелге қол көтереді ғой әйел адамға. Дегенмен ұрыстардың барлығы ұрып-соғудан шықпайды. Кішкене ерлерді де түсінуіміз керек. Басында жанжал туындайды, сол жанжал неден туындайды? Әрине, әйелдің тілінің ұзындығынан. Барлық әйелдер кешірсін мені, бірақ ондай да фактілер бар. Қазақтың сөзі бар: «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс» дейді. Болмаса «Ерге жаққан әйел елге де жағады» дейді. Өкінішке қарай, біз қазақы тәрбиеден, қазақылықтан алшақтап бара жатырмыз», – деп мәлімдеген Анас Баққожаев.

Айтпақшы бүгін «әйелдерді тілі ұзын» деп кінәлаған мәжілісмен көпшіліктен кешірім сұраудан бас тартты. Ол мұндай қадамға барудың реті жоқ екенін жеткізді.

Жоғарыдағы мәлімдемелерге қатысты пікір білдіргенде Наталья Дементьева әріптестерінің сөзі Қазақстандағы барлық отбасының нақты жағдайының көрсеткіші емес екенін жеткізді.

«Депутат екенімді назарға алмай-ақ қояйық. Әйел, ана және жар ретінде мәлімдеме ұшқары жасалғанын айтқым келеді. Мұнымен әйел ретінде келісе алмаймын. Мен 25 жыл білім саласында еңбек етіп, жас отбасыларды оқытқан, көрген тәрбиешімін. Өкінішке қарай, жас аналардың бала тәрбиелеуге дайын емес екенін көрдім. Назар аударыңыз, мен қазір «арандатушылық» деген сөзді айтып отырған жоқпын, бұл арандатушылық деп ойламаймын. Бірақ бұл – отбасылық құндылықты толық түсінбеу деп білемін», – деді депутат дөңгелек үстелде.

Наталья Дементьева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелді «жанжалдың арандатушысы» деп атауға болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол әйелдер отбасындағы келіспеушілікті ушықтырмай, сабырмен, ақылмен шешуге тырысуы тиіс екенін мәлімдеді.

«Әйелдің даналығы отбасындағы жанжалдың оң шешілуіне тікелей әсер ететініне сенімдімін. Мен ер адамдарды қорғамаймын, бірақ жанжалды шешуге тырысуда әйелдің мүмкіндігі зор деп санаймын», – деді депутат.

Заң жобасы жайлы

Естеріңізге салайық, 5 ақпанда Мәжілісте «тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы» заң жобасы таныстырылды. Заңда жаза күшейтіліп, әйеліне, бала-шағасына қол көтеріп, денсаулығына жеңіл зиян келтірген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал педофильдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Адамды суицидке итермелегендерге қатысты да арнайы бап бар.

Бұдан былай тұрмыстық жанжал кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтірген адам 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал азаптау үшін жазаның мерзімі 3 жылға дейін артады.

Ал 2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қараған. Оның 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал құқық бұзушының тәртібіне қатысты 15 мың арнайы талап қойылған. 

Сондай-ақ оқыңыз