Қазақстанда жеке тұлғаларға лизингке пәтер, көлік және ғимарат сатып алуға рұқсат беріледі

Жарияланды
Қазақстанда жеке тұлғаларға лизингке пәтер, көлік және ғимарат сатып алуға рұқсат беріледі/kursiv.media

Елде жеке тұлғаларға лизингке тұрғын үй, автокөлік және ғимарат сатып
алуға рұқсат беретін заң қабылданады. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналист Қаржы министрінен: «Жеке тұлғаларға тұрғын үй мен автокөлік лизингке беріле ме?», – деп сұрады. Ол: «Бұл мәселе лизингтік компаниялардың ұсынысымен былтыр қарастырылды. Осыған қатысты заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымынан өтті. Заң биыл қабылданады деп сенеміз. Бұл – жаңа қаржы құралы. Лизинг арқылы автокөлік те, тұрғын үй де, ғимарат та сатып алуға болады. Лизингті дамыту туралы президенттің арнайы жарлығы бар. Онда нақты тапсырма белгіленген. Алдағы уақытта лизингті дамыту үшін жұмыс істейміз», – деп түсіндірді.

Қаржы министрі «елдегі орташа жалақының мөлшері 500 мың теңгеге қашан жетеді?» – деген сұраққа да жауап берді.

«Барлығы экономикаға байланысты. Экономикамыз қарқынды өссе, барлығына тез жетеміз. Үкімет бұрынғы, ескі, консервативті болжамдарды ысырып, алға батыл мақсат қойып, экономиканы өсіру, әртараптандыру, инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс істеуге дайын», – деді Мәди Такиев.

Қаржы министрі премьер-министрдің тапсырмасы бойынша ел экономикасының өсу болжамына арналған құжат қайта қаралатынын, экономикалық өсім 6%-дан төмен болмайтынын атап өтті.

«Бұл нені білдіреді? Егер экономикамыз қазіргі 5%-дан 6%-ға өссе, ақшаға шаққанда кем дегенде 1,5 трлн теңгеден астам қаражатқа тауар өндіру, экономикаға қызмет көрсету, инвестиция тарту қажет болады. Қаржы министрлігі бюджетті жалпы ішкі өнім базасынан санайды. Жалпы ішкі өнімнің деңгейі жоғары болса, бюджетке түсетін кіріс деңгейі де жоғары болады. Егер бізде бюджетте көп кіріс болса, біз бірінші кезекте табысты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттаймыз. Біздің бюджет – әлеуметтік бағыттағы бюджет. Өздеріңіз білесіздер, бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға арналған шығыстар. Мұның барлығы бір-бірімен байланысты нәрселер. Жалпы ішкі өнім көп болса, өндірістік тауар өндірсек, қызмет көрсетсек, инвестициялық жобаларды іске асырсақ, экономикамыздың өсуі қамтамасыз етіледі. Экономика өссе, жалпы ішкі өнім, кіріс, табыс ұлғаяды. Қаражат әлеуметтік көмек мөлшерін көбейтуге жұмсалады», – деп қорытты сөзін Мәди Такиев.

Сондай-ақ оқыңыз