Алматы полициясы ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің таралуы бойынша сотқа дейінгі тексеруді бастады

Жарияланды (жаңартылды )
ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің таралуы бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды /Фото: shutterstock

Алматы прокуратурасының нұсқауымен дербес деректерді тарату бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.

Кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«2024 жылдың 14 ақпанында Бостандық ауданының полиция басқармасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і студенттерінің медициналық құпияны құрайтын жеке деректер мен мәліметтерді тарату фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 147-бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу)», – делінген Алматы қаласының прокуратурасының хабарламасында.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студенттердің жеке мәліметтері таралып кеткен болатын.

Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттердің жеке мәліметтерінің таралып кетуі оқиғасына қатысты пікір білдірді.

 «Біз бұл мәселені бақылауға алдық, өйткені бұл жерде тікелей заң бұзушылық бар. Кінәлілер қолданыстағы заңнама бойынша жазаланады. Жеке деректерді қорғау туралы заң бар. Бұл жерде әкімшілік құқық бұзушылық бар екені сөзсіз», – Саясат Нұрбек.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде WhatsApp-та 190 адамнан тұратын топқа студенттер тізімі бар 4 құжат жіберілгені жайлы ақпарат тарады. Тізімде қыздардың аты-жөндерінен басқа, ЖСН, ұялы нөмірлері және медициналық мәліметтері жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз