Жаңалықтар

Президентке Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейхтің қылышы табысталды

Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейхтің қылышы табысталды/Фото: Ақорда кз

Президентке Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекеттің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы – Қатардың ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар Мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды», – делінген хабарламада.

Фото: Ақорда

Бұл қылыш алғаш рет Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудқа табыс етілген (2016). Кейінірек қылыш Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарекке (2021). Испания Королі VI Филиппке (2022) сыйға тартылды.

Бұл символ – Қатар Мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни (1827-1913) ұстаған қылыштың дәлме-дәл көшірмесі.

Қылыш жайлы ақпаратқа тоқталсақ

Қыны алтынмен (18 карат) апталған, екі жағы әшекейленген. Жүзі бағалы, тот баспайтын болаттан құйылған, ал сабы түйе сүйегінен жасалып, агатпен және турмалинмен қапталған.

Еске сала кетсек, Қазақстан мен Қатар бірлесіп «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салмақ.

QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобалары туралы келісімге келді.  Бұл  – Президент  пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейхі арасындағы келіссөздің қорытындысы бойынша қол қойылған келісімшарттың бірі.

Тағы қандай келісімге қол қойылды?

Сонымен қатар, Қазақстан мен Қатар екі ел арасында ұстап беру туралы келісімге келді. Қос тарап қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қойды.

ҚР Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатар мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім жасалды.

Одан бөлек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі ынтымақтастық орнатады.

«Самұрық-Қазына» АҚ, ҚР Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісім жасалды.

Келіссөз барысында Тоқаев Қазақстанның Қатар нарығына 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Олардың жалпы құны 250 миллион доллар болады.

Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.