Оқу ақысын грант құнынан да төмен шамада ұстауға тырысамыз – Саясат Нұрбек

Жарияланды
Оқу ақысы гранттан арзан ба – Саясат Нұрбек не дейді? /kursiv.media/

Көптеген университеттегі ақылы оқу грант құнынан да арзан. Грант құны 1 млн 200 мың теңге болатын ұлттық университеттердегі бір жылғы ақылы оқу 500-550 мың шамасында болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Мәжіліс кулуарында журналист Ғылым және жоғары білім министріне жоғары оқу орындарындағы ақылы оқу құнының қымбат екеніне қатысты сауал қойды.

Журналист: «Қазір көптеген студент пен олардың ата-аналары жоғары оқу орындарында оқу ақысы қалта көтермейтін болып кеткенін айтады. Әсіресе, медициналық университеттер ақысы. Сіздер осыған қатысты қандай да бір талдау жасадыңыздар ма? ЖОО-да оқу ақысы мен білім сапасы сәйкес келе ме?», – деп сұрады.

«Былтыр айтқанымыздай бізде қазір ЖОО-да оқу ақысына қатысты консервативті саясатты ұстанамыз. Жалпы оқу ақысын қадағалап, бақылап отырамыз. Медициналық университеттер Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында. Біз тек академиялық тұсына ғана ықпал ете аламыз. Ал оқу ақысын басқа ведомство тағайындайды», – деп жауап берді министр.

Саясат Нұрбек «оқу ақысы тым көтерілген жерлер болса, сіздер бізге ақпарат беріңіздер, тексереміз» деп журналистің өзіне сілтеме жасады.

Ғылым және жоғары білім министрі көптеген университеттегі ақылы оқу құны грант ақысынан арзан екеніне тоқталды.

«Тіпті грант құны 1 млн 200 мың теңге болатын ұлттық университеттердегі бір жылғы ақылы оқу 500-550 мың шамасында болады. Оқу ақысын жоғары қоятын жекеменшік университеттер бар, КИМЭП, нархоз сияқты. Бірақ оқу ақысын көтерген есебінен сапаға жауап береді. Ал мемлекеттік университеттер бойынша оқу ақысын қатаң реттеп отырамыз. Сондай-ақ оқу ақысын грант ақысынан да төмен шамада ұстауға тырысамыз» – деді.

Ғылым және жоғары білім министрі Назарбаев университетін алдағы жылдары қаржыландыруға қатысты сұраққа жауап бергенін жазғанбыз. Министрдің дерегінше, жоғары оқу орнын қазынадан қаржыландыру жалғасады.

«Біріншіден, біз қаржыландыруды сақтап қалдық. Назарбаев университеті үшін өткен жылғы деңгейде шамамен 42 млрд теңге сақталып қалды. Алдағы 3 жылда да қолдау көрсетеміз. Қолдауға мемлекеттік білім тапсырысы да жатады. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Біз алдағы 3 жылда қаржыландыруды былтырғы деңгейде ұстап тұрамыз. Бұл бүгінге дейін бюджетте бекітілген», – деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Журналист Саясат Нұрбектен: «Оқу ақысында өзгеріс бола ма?», – деп сұрады.

«Біз ақылы білімге қатысты консервативті саясат ұстанамыз, үлкен өзгеріс болмайды. Мемлекеттік білім грантын көбейтіп жатырмыз, өйткені қазір өңірлік жоғары оқу орындарының негізгі табысы гранттан түседі. Университеттерді қолдау, профессор-оқытушылар құрамының жалақысын көбейту маңызды мәселе. Былтыр мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Алдағы уақытта жыл сайын орта есеппен 20-25%-ға көбейіп отырады. Дұрыс түсіну керек, ақылы бөлім қымбаттамайды, керісінше грант құны артады. Біз бағаны төмендетіп, грант санын көбейтеміз», – деп жауап берді Ғылым және жоғары білім министрі.

Бұған дейін Саясат Нұрбек Алматыдағы Сейсмология институтына қосымша қаржы бөлінетінін мәлімдеген болатын.

Бөлінетін қаражат көлемі 4-5 млрд теңгені құрауы мүмкін. Нақты сома Ғылыми-техникалық комиссия отырысынан кейін белгілі болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«Біз былтырдан бері мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында институтқа бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып жатырмыз. Қаражат тиісті жабдықпен қамтамасыз етуге, кадрлардың әлеуетін күшейтуге жұмсалады. Төтенше жағдайлар министрлігімен келісілген, биылғы жылға арналған ғылыми-техникалық тапсырмалар тізімі бар», – деді Саясат Нұрбек үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Ғылым және жоғары білім министрі қосымша қаржы Сейсмология институтына бөлінетін қаржы оны жаңғыртуға жұмсалатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз