«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ пен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшылық құрамы өзгерді. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ директорлар кеңесінің құрамы жаңарып, экс-премьер Әлихан Смаилов Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымынан кетті. Оның орнына жаңа Үкімет басшысы Бектенов Олжас Абайұлы тағайындалды. Бұл туралы KASE-де жарияланды.
Сонымен қатар ұлттық экономика министрі болған Қуантыров Әлібек Сәкенұлы да ұлттық әл ауқат қорының директорлар кеңесінің мүшелігінен шықты. Директорлар кеңесінің мүшесіне қазіргі ұлттық экономика министрі Байбазаров Нұрлан енді.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ директорлар кеңесінің жаңартылған құрамы 7 адамнан тұрады. Директорлар кеңесінің төрағасы Бектенов Олжас пен құрам мүшелері: Жәмішев Болат, Лука Сутера, Байбазаров Нұрлан, Жақыпов Нұрлан, Ерғалиев Әсет, Мұхаммед Жәмил әл Рамахи бар.
Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы қызметінен кетті. Бұл туралы шешім акционерлік қоғам акционерлерінің жалпы жиналысында қабылданған.
Қоғамының Басқарма төрағасының міндетін уақытша атқару Ерсайын Хамитовқа жүктелді.
Еске сала кетсек, 5 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдадады. Үкіметті басқару функциясы уақытша Роман Склярға жүктелді.
Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Ал Мәжілістің пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы бұл ұсынысты қабыл алған болса, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды.
6 ақпан күні үкімет құрамы қайта жасақталды. 4 министрден өзгесі лауазымын сақтап қалды. ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов және Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз қызметтерінен айырылды.
Жаңа Қаржы министрі 45 жастағы Мәди Такиев болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы болып 52 жастағы сенатор Ақмарал Әлназарова тағайындалды.
Ал 40 жастағы Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі болды.
«Бәйтерек» холдингін басқарған Нұрлан Байбазаров Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.