Миллион теңгеден көп: Қаржы министрі жалақысының көлемін атады

Жарияланды
Миллион теңгеден көп: Қаржы министрі өз жалақысының көлемін атады /Асқар Ахметуллин

Жаңадан тағайындалған қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс кулуарында журналистерге өзінің жалақысы қанша болатынын айтып берді.

«Өзімнің еңбекақыма қатысты ақпаратпен таныстым. Бізде барлық мемлекеттік қызметкер үшін бірыңғай норма бекітілген. Сол бойынша белгіленген жалақыны алатын боламын. Менің тәжірибемді ескере отырып, миллион-миллион жарым теңге болады», – деді министр.

6 ақпан күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәди Төкешұлы Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындаған.

Жаңа министр VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарған еді. Бүгін ол өзінің депутаттық мандатын өткізгені белгілі болды.

Еске сала кетсек, 2020 жылдан бері Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметін Ерұлан Жамаубаев атқарған.

Бұған дейін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысына қатысып, депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Мәжілісте 69 депутат Президенттің ұсынысымен келісіп, 7 депутат қалыс қалды.  

Қаржы министрі қанша жалақы алады

Қазақстандағы министрлердің жалақысы шенеуніктің қай ведомствоны басқаратынына емес, еңбек өтіліне байланысты бекітіледі. Барлық министр үшін өкілеттіктер жиынтығы стандартты, Үкіметтің қаулысымен анықталады. Әрбір министр өз ведомствосында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үшін жауапты болады. Сондай-ақ бұйрықтарға қол қойып, жұмыс регламентін бекітіп, өзінің министрлігі атынан Парламентте және қазақстандық мемлекеттік органдармен, шетелдік компаниялардың немесе ведомстволардың өкілдерімен келіссөздер жүргізу жұмыстарына қатысады.

ТЖМ және ІІМ басшыларының қосымша өкілеттіктері бар. Олар өз салалары бойынша құрметті атақ беру және марапатқа ұсыну жұмыстарын алып жүреді. ТЖМ мен ІІМ басшыларына жалақыға қоса, өздерінің мемлекеттік марапаттары мен шендеріне байланысты қосымша ақы төленеді.

2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер, депутаттар мен Үкімет мүшелерінің жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий енгізді. Парламент отырысында биліктің жоғарғы эшелонындағы шенеуніктердің жалақысы «жеткілікті» екенін айтты. Президент қарапайым мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысы «мүмкіндігінше көтерілетінін» атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз