Қазақстанда ҚазТАГ агенттігінің сайты мобильді интернет арқылы ашылмай қалды

Жарияланды
Қазақстанда ҚазТАГ агенттігінің сайты мобильді интернет арқылы ашылмай қалды/ shutterstock және freepik

Қазақстанда ҚазТАГ агенттігінің сайты мобильді интернет арқылы ашылмай қалды. Сайтқа кіру үшін VPN орнату қажет. 

Агенттіктің хабарлауынша, кеше сайтқа қазақстандық мобильді операторлар арқылы кіру мүмкін болмай қалған. 13 ақпанда кешке қарай Tele2 және Altel операторлары кіру мүмкіндігі ашылған. Ал Beeline мобильді интернеті арқылы сайт әлі ашылмайды. 

«Сайт VPN қосылған кезде көрсетілген мобильді операторлардан ашылады. Яғни сайт Қазақстанда физикалық тұрғыдан бұғатталған», – деп хабарлайды агенттік.

ҚазТаг агенттігінің сайты ашылмауына байланысты «Курсив» мобильді опеторларға сауал жолдаған еді.

«Мобильді желінің барлық жабдықтары дұрыс жұмыс істеп тұр. Ресурстың ашылмай қалуына Beeline әсер етпеген. Сайтқа іздеу жүйесі арқылы кіруге болады. Мысалы, сіз материалға сілтеме арқылы кірсеңіз, бәрі ашылып тұр», – дейді Beeline.

Теle2 мобильді операторы да сайтқа шектеу қоймағанын айтады.

«Оператор тарапынан аталмыш онлайн ресурсқа (ҚазТаг сайтына – ред.) кіруге ешқандай шектеулер жоқ», – дейді Tele2.

Қазақстандағы БАҚ бұғатталуы

21 желтоқсан күні қазақстандық журналистер Kursiv.Media алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына жасалып жатқан кибершабуылдарға қарсы бірлескен жұмыс тобын құрып, мәселеге халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарын аудару мәселесін талқылаған.

БАҚ өкілдері кибершабуылдарға қарсы тұру үшін жұмыс тобын құрып, мәселені қоғам назарында ұстау керек екенін айтты. Олар алдымен қазақстандық БАҚ-қа жасалған шабуылдардың уақыты мен ретін тізіп шығуға келісті. Мамандар шабуылдардың ауқымын көрсету арқылы мәселеге қоғам мен биліктің назарын аударуға болатынын айтады. Kursiv.Media бас редакторы қазақстандық БАҚ өкілдерін кибершабуыл фактілерін жасырмай, жұмыс тобына қосылуға шақырды.

Kursiv.Media басылымына жасалған шабуылдар жаңа деңгейге көтеріліп, бірнеше күнде басылымның telegram-арнасына 90 мыңға жуық жалған аккаунттар (боттар) қосылған.

Осыған дейін 6-11 желтоқсан аралығында Kursiv.Media сайтының серверлері DDOS шабуылға ұшырап, 1,3 миллиардтан астам өтініш тіркелген. Осының әсерінен Kursiv.Media сайты ашылмай қалған еді. Басылымның IT-департаменті мен қауіпсіздік қызметінің жедел және тиімді әрекеттерінің нәтижесінде сайтқа келген зардаптар аса қатерлі болмады. Сондай-ақ, корпоративтік поштаны бұзу әрекеттерімен, басылым қызметкерлеріне жалған мекенжайлардан хат жіберу фактілері болды.

Сондай-ақ оқыңыз