Қазақстанда қаңтарда өндірілген мұнай ОПЕК+ бекіткен көлемнен асып кетті: артық өндіріс келесі төрт ай ішінде өтеледі

Жарияланды (жаңартылды )
Қаңтарда мұнай өндіру ОПЕК+ квотасынан асып кетті / shutterstock

Қазақстан қаңтарда мұнай өндіру көлемі бойынша ОПЕК+ квотасынан асып кетті. Энергетика министрлігі ОПЕК+ келісімі шеңберінде міндеттемелерді орындауына қатысты мәлімдеме жариялады.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстан қаңтар айында мұнай өндіру бойынша ОПЕК+ бекіткен көлемнен асып кеткен. Алайда артық өндіріс алдағы төрт айда өндірілетін өнім есебінен өтелмек.

«2024 жылғы қаңтарда міндеттемелердің асып кетуіне қарамастан, Қазақстан келесі төрт ай ішінде артық өндірісті өтейді», – делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, Қазақстан ОПЕК+ аясында 2024 жылдың қаңтарынан бастап, жаңа ерікті міндеттемелерді қабылдаған.

«2023 жылғы 30 қарашада өткен ОПЕК+ 36-шы министрлік кездесуінің қорытындысы бойынша Қазақстан және ОПЕК+ мүше басқа елдер әлемдік мұнай нарығында тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтау үшін 2024 жылғы қаңтардан бастап жаңа ерікті міндеттемелер қабылдады», – делінген Энергетика министрлігі таратқан ақпаратта.

Энергетика министрлігі сонымен қатар ОПЕК+ аясында бұдан бұрын алған міндеттемелерді орындауын жалғастыратынын да хабарлады. Атап айтқанда, мұндай міндеттемелер 2023 жылғы 4 маусымда ОПЕК+ 35-ші министрлік кездесуінде қабылданған.

2023 жылдың қарашасында қабылданған 2024 жылғы ақпан мен наурызға арналған келісімдерді орындау да жалғаса бермек.  

2023 жылы желтоқсан айының соңында Үкімет 2023 жылы энергетика және мұнай-газ саласының даму қорытындысын жария еткен еді.  

Ұсынылған шолуда Қазақстанда 11 айда, яғни қаңтар-қараша аралығында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 82,2 млн тоннаны құрағаны айтылған. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 8%-ға артық. Сонымен қатар 53,8 млрд текше метр газ, 26,9 млрд текше метр тауарлық газ өндірілген.

Шолуда 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында 64,3 млн тонна мұнай (өсім 10%) және 5,3 млрд м3 табиғи газ (өсім 8%) экспортталғаны да жазылған. Бір айта кетерлігі, қазан айында Қазақстанда мұнай экспортынан түскен табыс 15%-ға дейін қысқарды. Осыған қатысты мәлімдеме жасаған Мемлекеттік кірістер комитеті қаңтар-тамызда Қазақстан шетелден мұнай жеткізуден 27,9 млрд доллар табыс тапқанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 14,5%-ға немесе 4,7 млрд теңгеге кем көрсеткіш екенін хабарлаған

Сондай-ақ оқыңыз